Қалалық доспен әңгіме

Тарт, досым, былай ат басын,
Үй мынау, кәне, түс, бұрыл.
Ұстай бер, Күләш, папкасын,
Қалпағын… Бәрін қыстыр, іл..
Тоңып та қапты құрдасың,
Бізбенен (қалжың) бұ тең бе.
Ас қамда. Апам тұрғанша,
Жүгіре қойшы дүкенге.
Дайын ба шайың? Жүгіргін,
Піскенше қашан сол етің.
Қантты қойшы, бұ құрбың,
Ащыны тәуір көретін.
…Ал, досым, бері жақында,
Күләш та жатыр нан илеп,
Ауылда жатқан ақынға,
Соққаның қандай ғанибет.
Қызықтар қандай сондағы
Көңілдің көп қой ақ шері,
Сағынар достың болғаны,
Шіркін-ай, неткен жақсы еді.
Күндер-ай сол бір танысқан,
Сондай бір күндер көбейсін.
Пушкині келген алыстан,
Пущинен аусам не дейсің!
Қызықпен, іспен өтті күн,
Жалғыздық көрдім демеймін,
Достарым тіпті көп бүгін,
Сонда да досқа кедеймін.
Оларға тақпан ешбір мін,
Солармен өмір сүрген ек,
Сонда да бар ғой, кеш, құрбым,
Өзіңнің орның бір бөлек.
…Қалдырма. Пәлі сол-ақ па,
Қой, енді оның болмайды.
Ауылдың салты қонаққа,
Алдырмай тіпті қоймайды.
Ауылда тұрсам, досым, мен,
Ауылда өскен жан аз ба.
Қуат ап өршіл осы үннен,
Шұқшия берем қағазға.
Трактор үні тынбайтын
Тақырып қанша қыратта.
Кейде бір өлең тыңдайтын,
Зәру боп қалам құлаққа.
Болмадың көптен елде сен,
Қызық қой атқан таң мұнда.
Шалғысын қатар сермесем,
Таңертең барсам шалғынға,
Өрістен қалай қашасың,
Ерсі ғой жанды аясақ.
Атамның алып ашасын,
Қыздармен кетем мая сап.
Жанды ұғар кейбір құрдас-ақ,
Жөнді де жөнсіз іреген.
«Қалайық, – дейді, – бір жасап,
Оқышы, көне, бір өлең».
Оқымай неге бөгелем,
Кеудемді тұрса түртіп жыр.
Бірақ та бар ғой, көп өлең
Ұнамай қалып құртып жүр.
Ауылым бүгін бір қызық,
Ауылым бүгін жасыл бақ.
Жатырмыз үйін тұрғызып,
Онжылдық мектеп ашылмақ.
Өмірім күліп тұрғандай,
Тұлпарға мені мінгізіп,
Шәкірт боп көрген күн қандай,
Мұғалім болу шын қызық.
Қиыннан қашан қайыстық…
– Кәнеки, ептеп алып қой,
Ішсеңші біраз шай ыстық;
Мен үшін бұл сәт анық той.
Сағындым, бәрің бәріңді.
Өткен бір күндер елестеп,
Қағып ап тәтті әр үнді,
Шалқып бір жүрер емес пе ек?!
Алматыда өткен шақтарды
Аңсап та қоям кейде шын,
Кезуші ек доспен бақтарды,
Ауысып киіп жейдесін.
Ауылға қайта келгелі,
Есепте қанша қыс өтті.
Ұнатып алды ел мені,
Өзім де сүйдім бұ шетті.
Ауылда тұрам, досым, мен,
Ауылда өскен жан аз ба,
Қуат ап өршіл осы үннен,
Төнемін аппақ қағазға.
Өтемін талай күзінен,
Табысам талай қысымен,
Шалдардың шандыр жүзінен,
Шаттықтың сырын түсінем.
Гүл болып жайнап көктемде,
Берік боп шығам қысынан,
Жақсы бір шәкірт көп менде,
Құс етіп қолдан ұшырам.
Алдымызда біздің толы сын,
Қалайша тынып, жай табам.
Ауылға көп қой борышым,
Еселеп соны қайтарам.
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *