Қазақ-өзбек ежелден бауырласпыз,
Қыз беріп, қыз алысқан ауылдаспыз.
Төскейде малы, төсекте бас қосылған,
Көңілдердің кірі жоқ қауымдаспыз.
Бейбітшілік бастауы ұранымыз,
Биікте қалықтайды жыр-әніміз.
Ұлдарымыз Отанның ұландары,
Ақиық қыран құстай қырағымыз.
Он бес жыл келісім-шарт жасалғалы,
Бірлікпен екі елдің асар бағы.
Қатар дамып келеміз өрге басып,
Бірлігіміз сияқты қыз жасаулары.
Мақтан етем туысқандар достастығын,
Арқасы бұл қос дана көшбасшының.
Мен екі елдің еркін өскен тарланымын,
Мәңгілікке жасасын достастық үн.
Жалғасқан ерікті елдер еркіндігің,
Арта бергей құда-андалық, төркіндігің.
Келбеттерің әлемді таңырқатып,
Көріктене түсуде көркің бүгін.
Қазақ-өзбек бірі – аға, бірі – іні,
Достықтың үзілмейтін екі тіні.
Бауырластар шекарасы айқара ашық,
Туысқандар өтіп жатыр күні-түні.
Екі елде де өткен дана, асылдар да,
Соққы берген қарсы келіп, басынғанға.
Ұлы Жібек жолындай өшпейтұғын,
Достығымыз жалғасқай ғасырларға.
Мекембай Омарұлы