Өткен күн елестері
Жіп сияқты,
Өмірде қысқа мына,
Қысқа күн де қырық бір қыспады ма?
Қашпаған қара қашар сияқтанып,
Қысыр сөздің түстің ғой қыспағына.
Көзін тігіп,
Кер табан қасқыр – надан,
Әрі асып шықтың ба бастырмадан.
Қар құшақтап, мұз сүйдің Магаданда,
Істеріңді алға бір бастырмаған.
Шапқатсызда,
Жақсы бір қылық не етті?
Ел деген де болар ма қырық бетті?
Атом жарып басына, арғы ғасыр
Халқымызды қынадай қырып кетті.
Орындалмай
Тілегі, қу арманы,
Есіңде ме ұл-қыздың қуарғаны?
Усман Насыр, Сәкендер Магаданға,
Барып па еді егінін суарғалы?
Жабылғанын жек көріп, ырымдаған,
Есігіңде ит тұрды ырылдаған.
Көкірегін оқ тесті Қадыри мен
Бейімбеттің шындық деп шырылдаған.
Тепкі жеді қанша аймақтары,
Зығырданын кімдердің қайнатпады?
Өксігіңді баса алмай тұрдың жалғыз,
Атылғанда халқыңның қаймақтары.
Өз халқымен «сіз» емес, «сенге» барды,
Өтірік сөз бойын да меңдеп алды.
Төле билер аңсаған Тәуелсіздік,
Арман болып еркі жоқ елде қалды.
Халық арын,
Намысын арлағандай.
Жүректегі өкпе бар Арға қандай?
Сол саясат сені де етпеді ме
Кәмпит беріп, баланы алдағандай?
Бар баласы,
Тұс-тұсқа үйдің босқан.
Мұндай бауыр, ағайын, күйдің достан.
Екі қазақ, бір өзбек басын қосса,
Ұлтшылдар деп соңынан итін қосқан.
Қарарлардың сезініп тым ыстығын,
Емін-еркін ап еді тынысты кім?
Қолдан жасап қырғынды, тағы бұзды,
Есіл ер мен қайран жұрт тыныштығын.
Қарамастан істің бір әділіне,
Ұлылардың жеттік пе қадіріне?
Шынын айтсақ, Құдайдан ұят болды,
Қол тиді Әмір Темір қабіріне.
Шиыршықтап Шыршықтың ақтағаны,
Арайланып таңның да атпағаны,
Есіңде ме, сол күннің ертеңіне,
Соғыс бұлты жер бетін қаптағаны.
Қопарылып түскендей кесене де,
Күн зәhардай боп еді кеше неге?
Шөптің дәнін жесең де, қырық бірде,
Бәрін беру – жазылды пешенеңе.
Төсіңдегі секілді алып шыңдар,
Соғыс жүгін көтеріп алыпсыңдар.
Қыршын кетем деп тұрмай, қырық бірде,
Оқ орнына атылған халықсыңдар.
Бар ма тайқы маңдайға жазылғаны,
Қайда саған терең ор қазылмады?
Соғыстан соң Арал боп, Семей де боп,
Жарақаты жаныңның жазылмады.
Өлімсіреп қонағын тапты құстар,
Алда қанша тағы да қатты қыс бар.
Жасыратын жері жоқ кеңес елде,
Болып өткен талай бір қақтығыстар.
Құлындай боп көзіне елестеген,
Он бес ұлдың бірімен кеңеспеген.
Өзгелердің қолымен от көсейтін,
Ыдырады ел-дағы кеңес деген.
Мекембай Омарұлы,
Өзбекстан Жазушылар одағы жанындағы
Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы.