Асқақ сезім иесі бақ табады,
Сезім сыры жүректе сақталады.
Жақсылар да әредік ойға батып,
Баз-базында мәз-мейрам боп шаттанады.
Қуаныш-қайғы ортақ бәрімізге,
Нәшүкір пендеміз ғой бәріміз де.
Кейде қылық көрсетіп келеңсіздеу,
Кердиеміз қарамай әлімізге.
Талай тосын жағдайлар болған бұрын,
Жұрт көрді ғой қатердің небір түрін.
Ғаламның құбылысы күрделі ғой,
Ғылым да шеше алмаған мұның сырын.
Тылсым дүние,
Сырың мол ашылмаған,
Жан жоқ қой, құдыретіңе бас ұрмаған.
Әлем сырын ұғуға ынтық болып,
Аптығы адамзаттың басылмаған.
Табиғаттың сыры көп біз білмеген,
Пенде кем, бей-жай күйге кез келмеген.
Жолы жоқ табиғатты тізгіндеудің,
Жойқын күш, жалпақ жұртты көзге ілмеген!
Төребай Сәрсенбаев