Жабырқап жүрмін бұл күнде,
Шабытым – тұман, түн –түрме.
Жалғыздық Һаққа жарасқан,
Жалғыздық маған мүмкін бе?
Жүдеумін неге, білмеймін,
Аңсаймын нені іздеймін?
Махаббат берші бір түнге,
Шапағат берші бір күнге.
Өзімнен-өзім, қорқам жай,
Қалғандай құмдақ сортаңдай,
Бұлқынам, кейде жұлқынам,
Көк торда жатқан шортандай.
Шираған тордан шыға алмай,
Шабытым ақсақ құландай,
Ана мейірін аңсаған,
Жабырқау көңілім ұландай.
Зәһарын шашар у-сезім,
Құмдағы әждаһа жыландай,
Қаламын сонда тұра алмай,
Сиынам жалғыз Құдайға.
Керемет неткен сезім, бұл,
Сезімге бүгін өзім – құл,
Барасың қайда жетелеп,
Ағалық етер кезім, бұл.
Адалға мені сезіндір,
Жүрегім жалын от-дүлей,
Қайдасың асыл сезім-нұр.
Өмірде осы болған іс,
Жанымда жалын толғаныс,
Селдеткен түнгі жасындай,
Өн бойым толы қозғалыс.
Болат Қазбеков