Таңнан тұрам тағы тыным бір көрмей

Таңнан тұрам тағы тыным бір көрмей,
Өтіп жатыр, кетіп жатыр күндер кей.
Тағы бір таң атып келе жатады,
Бір ісіңді аяқтап та үлгермей.
Күн асығыс, мен асығыс… бөгер кім,
Ойлауға да уақыт жоқ, не бердім?..
Бір міндеттен ұтылдым ғой дегенше,
Жүз міндетін алып жетер келер күн.
Аялайтын асыл арман көп бүгін,
Алға қарай асығумен өтті күн.
Бір үмітке міне-міне жетем деп,
Шырылдаған шыбын жанға жоқ тыным.
Шалғайда бір сөнбей жанып тұрсын да от,
Көңіл дамыл көрмесінші тыншым боп,
…Күнді қысқа жасапты ғой табиғат,
Адам ылғи асықсын да жүрсін деп.
 
Сәкен Иманасов
«АҚ АЙДЫН» кітабынан
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *