Тасыма

(Кейбір достарға)
 
Тасыма досым, тасыма,
Тасыған жетеді басыңа.
Көкірек керіп паңдансаң,
Жоламас ешкім қасыңа!
Қоғамшыл болсаң, тәтті сөз,
Келер-ақ әркім жаныңа.
Ойланбай айтқан әр сөзің,
Таяқ боп тиер басыңа!
Бітпей жатса кей ісің,
Өкініп, өксіп, жасыма!
Бағың жанып, Бас болсаң,
Ашуға мініп, айқайлап,
Тыжырынып, тырысып,
Қыр көрсетіп әркімге,
Кездейсоқ кейіп басынба!
Тек жүрген асыл жандарға,
Өсек айтып асылма!
Кейбіреу сыйлап дос болар,
Қайнаған қазан асыңа!
Басыңа қиын іс түссе,
Жәмпеңдеп жүрген көп достың,
Бірі де келмес қасыңа!
Өскенін жұрттың көре алмай,
Іштей жанып, жасыма!
Сырттан айтқан қу өсек,
Жіберер істі насырға!
Адал еңбек, өрен ой,
Білім, кемел парасат,
Биік етер тұлғаңды,
Ғасырлардан ғасырға!
 
Қалдыбек Сейданов
15. 09. 1991 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *