– Аға сізді танып тұрмын, –
Деді ауылда бір жас қыз кеп,
Бөлмесіне алып кірді,
– Біздің үйде сіз барсыз, – деп
Сыпайы екен сөздері де,
Жатырқайтын емес тегі,
Қарап қап ем көздеріне,
Басқа жанар елестеді…
Бармасақ та біз егеске,
Альбомдарын алдына ала
– Мынау, аға, сіз емес пе? –
Дейді маған әлгі бала.
– Мынау менің… (қарады ашып)
О ғаламат сүйіктілік.
Шаштарымыз араласып,
Түйісіп қап иыққа иық.
Суретке түскен ек қой,
Қалған белгі сол ғана ма?.
Талай қызық істер өтті,
Соның бәрі жоғала ма?
Сырласушы ек шаршамай біз,
Әсем күлкі, көңілді ой?
Мына тұрған қаршадай қыз,
Өзің болып көрінді ғой.
– Рахмет, жаным саған,
Бірақ мынау мен емеспін.
Әпкеңе бір таныс адам,
Мен емеспін, мен емеспін.
Әттең, әттең! О не керек,
Бақыт таптым өзгеден мен.
Үшеу болып кенелер ек,
Қол ұстасып жөнелер ек,
«Аға» демей, «жезде» дер ең.
Сәкен Иманасов