Сағыныш

Солай болған, не шара жазымышқа,

Жазымышқа маңдайға жазылысқа.

Жат жұртта мәңгілікке көз жұмдың да,

Менің үшін айналдың сағынышқа.

Сағынышым толастар емес менің,

Шыңдағы нағыз шынар емес пе едің?!

Білемін оққа ұшқан кездеріңде,

Көз алдыңа мен сенің елестедім.

Болмаса да бір белгі қабіріңнен,

Ұмытпадым, ағатай, бәрібір мен.

Білемін Алла алдына барғаныңда,

Маған бақыт тіледің Тәңіріңнен.

Сенбедім, аға, сенің өлгеніңе,

Достарыңның арулап көмгеніне.

Сенбедім қуаныш пен бақтан бұрын,

Мұң наламның басыма келгеніне.

Дәме қылдым тірі деп, келеді деп,

Өмірдің сан қызығын көреді деп.

Осындай үмітпенен жиеніңнің,

Есімін де қойдым мен Дәмелі деп.

Келмедің бірақ, аға, оралмадың,

Майданнан ауыл жаққа жол алмадың.

Біртіндеп сене бердім, сезе бердім,

Бауырымның мәңгілік жоғалғанын.

Сағындым-ау, ағатай, сағындым-ау.

Сағыныштан күйзелген жаным мынау.

Сарқылмайтын сарғайтқан сағыныштан,

Сезім салқын, жүрек мұз, тәнім қырау.

Жан едім дәті берік, тәні күшті,

Аға десем ауызымнан жалын ұшты.

Артқанда атан түйе көтере алмас,

Мендегі саған деген сағынышты.

Кенжеғали Үсенов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *