Шабыты келген әр ақын,
Сезінер өзін дара тым.
Толғанбай жазса ол өлең,
Құрғақ сөз болып қалатын.
Толғанар жүрек толықсып,
Томағаң тұрса жыр тілеп.
Толғамасқа бола ма,
Көңіліңе толса нұр тілек.
Он беске толған өз елім,
Өзіңді жырлап келемін.
Өркенің өсіп бұл күнде,
Өрге де шықтың білемін.
Өскенің өрен бой алып,
Мейірімің болар шалқыған.
Жастарың өсер қуанып,
Күш алып ұлы даңқыңнан.
Естігенге он бес жыл,
Санаулы ғана түйілер.
Ғасырға тең әр жылың,
Мәртебеңнен көрінер.
Нан шаһары атанған,
Діңгегің болар Ташкенім.
Халқыңның тоқ болғаны,
Сол емес пе өскенің.
Елтаңбаңда қанатын,
Жайып тұрған Тауысың.
Деп тұрғандай баршаға,
Тыныштықпен қауышың.
Оң қанаты – ақ алтын,
Сол қанаты нан болар.
Төрінен шыққан күн нұры,
Арайлап атқан таң болар.
Арайлап атса әр таңым,
Ырысы болар елімнің.
Ырысқа толған әр үйдің,
Жылуы кетпес төрінің.
Егемендік көтерді,
Еңкейген есіл еңсені.
Ұлылардың аруағы,
Тоқсан бірде теңселді.
Сол жылдан бері мінеки,
Он бес жыл өтті арадан.
Жемісіңе қол жеткен,
Әр адам әрқыл қараған.
Көре алмайтын жауыздар,
Тасын да атты тасадан.
Тамырына түгелдей,
Надандық қаны тараған.
Исламды қылып бет перде,
Көрсетті жаман ниетін.
Адамдар да табылды,
Ібіліс тонын киетін.
Нұрлан Тотанов
Шайтаны жолдан азғырып,
Тұсауға түсті аяғы.
Аруағы тыныш қоя ма!
Бабалардың баяғы.
Әмір Темір, Әлішер,
Әл-Бухари, Ұлықбек.
Арыстан баб, Яссауи,
Қолдағандай тұрып кеп.
Атқан тасы дұшпанның,
Өз басына тап болды.
Өзіміз деп жүргеннің,
Кейбіреуі жат болды.
Мұны да елім кешірді,
Имандылық көрсетіп.
Мейрімділік сезіммен,
Көкке де тиді қол жетіп.
Еліме әлем сүйсініп,
Қарап та жатыр тамсанып.
Тоқшылықтың мәуесі,
Елімде тұр ғой бал тамып.
Толғамасқа бола ма,
Осындай жайсаң елімді.
Он бес жылдың ішінде,
Шың төбеден көрінді.
Таусылмастай отырмын,
Жүректен шыққан жырымды.
Құшағыңа ала жүр,
Жырлаған ақын ұлыңды.
Атадан қалған мұражай,
Бұхара мен Самарқан.
Шет елден келген қонағың,
Көзімен көріп таң қалған.
Алқабыңды ақ алтын,
Күз келгенде қаптаған.
Диқандарың далаңда,
Еңбексіз бос жатпаған.
Деп білемін бұл елді,
Түсінген жұрт мақтаған.
Елбасына мың алғыс,
Жұрт сенімін ақтаған
Нұрлан ТОТАНоВ,
Сырдария облысы,
Сайхунабад ауданы.