Мінбегін мұндай арбаға

 
(Терме)
 
Тыңдаңдар, жастар, тыңдаңдар,
Сөзімнің байқап астарын.
Өсиет болып қалсын деп,
Термелеп жырды бастадым.
Бар кезінде саулығың,
Еңбектен сірә қашпағын.
Мал-мүлкің сай болса да,
Асқынған судай таспағын.
Жассыңдар, сендер жассыңдар,
Өмірдің болар жалғасы.
Алдыңнан талай шығады,
Байқасаң шайтан арбасы.
Сол нәрседен сақ болғын,
Мініп қалма байқамай.
Мінгендер жүр ғой өмірде,
Бір мінгеннен соң түсе алмай.
Мен айтайын ендеше,
Шайтанның алты арбасын.
Алтауынан сақ болсын,
Мойныңдағы бір басың,
Нұрлан Тотанов
Алтауы да адамды,
Өзіне тартып тұрады.
Көрсетпестен көзіңе,
Қорлықтың торын құрады.
Бірінші арба:
ақ арақ,
Мінгенде жүрер балқытып.
Көңіліңді қояр көтеріп,
Алғашқыда шалқытып.
Билеп алып бойыңды,
Бұзады дұрыс ойыңды.
Осы арба ғой алдымен,
Байлайтын барлық жолыңды.
екінші арба:
«Есірткі» ең,
Шығарма мұны есіңнен.
Бұл арбаға мінгенді,
Шайтаным талай секірткен.
Шеккенде улап миыңды,
Жоғалтады санаңды.
Танымай да кетерсің,
Өзіңді туған анаңды.
үшінші арба:
мал ұрлау,
Басында ол да жағымды-ау.
Бұл дегенің қорлыққа,
Байқамастан жақындау.
Бұл арбаның жолы ұзақ,
Мінгенде серуен құрасың.
Қолға түсіп бір күні,
Қатардан шығып қаласың.
төртінші арба:
төбелес,
Той-жиынды бұзатын.
Ұлтан болып кетеді,
Ата-анаң қойған ұлы атың.
Бұл арбаға мінгендер,
Тыныш өмір сүрмейді.
Сонда байқап білесің,
Жаныңда жолдас жүрмейді.
Бесінші арба:
«Карта» ойын,
Құмарың бұрып тұратын.
Ақша тігіп ортаға,
Арбаға адам жиятын.
Бұл арбаға мінгендер,
Біріне-бірі дұшпандар.
Құмарлыққа құрбан боп,
Жұбайларын сатқандар.
алтыншы арба:
ар бұзар,
Басыңа құрық салғызар.
Сүйгеніңнің үстінен,
Жезөкшені алғызар.
Осы арбадан сақ болғын,
Ең жаманы өмірде.
Алтауын да түйіп ал,
Ендеше жастар көңілге.
 
Нұрлан Тотанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *