Жеткен күн белестері


Шүкір, Алла осылай еткеніне,
Бүкіл алаш сүйеніп кетпеніне.
Қуанды жарық сәуле көрмегендей,
Келмес жерге кеңестің кеткеніне.
Тәуелсіздік бізге де жеткені ме?
«Не деп енді шырқайтын жырын біл», – деп,
Ішкі-сыртқы да болды сырын білмек.
Қасқырдайын аңдап бір әр қадамын,
Ниет еді Елбасын сүріндірмек.
Мұндай жақсы болар ма саспағаным,
Тәуелсіздіктің шырқатып асқақ әнін.
Көртышқандай жымысқы арам ойдың,
Әлем көрді іске бір аспағанын.
Қаhарман деп айтуға татыр үні,
Жарылыстың жүректе жатыр үні.
Отан үшін от кешкен Орманұлы
Нұрғали да – елімнің батыр ұлы.
Бермен қарай құлақты бересің бе?
Бай жігіттің баяғы белесінде.
«Қыбырайдың қыраны» деп аталған,
Әбдәкімнің ерлігі ел есінде.
Берекесіз ісінің білінгенін,
Талай елдің қарашы бүлінгенін,
Бәкір, Аман сияқты профессорлар,
Туған жердің қазады нұр, білім кенін.
Аға да, іні де көп әр маңда сақ,
Дәл солардай айып па армандасақ,
Ағытай мен Серікбай «Өзбекстан
Қаhарманы» атағын алған қазақ.
Исрайыл, Есенғали – достық жырын,
Үйреткелі ар жаққа барған қазақ.
Тәуелсіздік!
Келіскен келбетіңе,
Көз қырын сап қарайды ел бетіңе.
Топыраққа қарысып жатқан барлық,
Ұлыларды шақырдың жер бетіне.
Ер – өмірдің,
Таусылмас күресінде,
Өткен күннің бар болар бірі есіңде?
Әмір Темір бабамды бір-ақ сөзбен,
Тұлпарына қондырған кім, білесің бе?
Тәуелсіздік былай дер толғағанда:
«Өз бауырым – тоңған да, тоңбаған да».
Тау тесіліп, шөлге жол салынар ма,
Көреген бір Елбасы болмағанда?
Айтқанымен бағзыда халық өктем,
Айдан-дағы мақсатын анық еткен.
Тәуелсіздікті шын сүйіп, өз Отанын,
Қылкөпірден оңай ма алып өткен?!
Түскенің рас-ақ әділ, теңізге анық,
Жол салмақпыз баратын теңізге алып.
Тәуелсіздікті қызғыштай қорғамасақ,
Қолдамасақ, ал онда неміз халық?!

Мекембай Омарұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *