Бірінші менің бақытым:
Алшаң басып аяқты,
Сырқаттанып, ауырмай,
Аман-есен жүргенім!
Екінші менің бақытым:
Өн бойы толған қасиет,
Мариямдай арумен,
Бір жастыққа бас қойып,
Елу төрт жыл бірге болғаным!
Үшінші менің бақытым:
Жаны пәк, сезімі бұлақ,
Жан жардан –
Үш ұл, екі қыз, немерелер сүйгенім!
Төртінші менің бақытым:
Назарын Алла салған ел,
Өзбекстан жерінде,
Туып, өсіп, кемелдене ер жетіп.
Достықтың отын жаққаным!
Бесінші менің бақытым:
Өзбек, қазақ достығын,
Елу жыл бойы жырлаудан,
Талмай қанат қаққаным!
Алтыншы менің бақытым:
Қаламсапты нық ұстап,
580 мақала, 22 кітап пен,
«Төрт томдықты» шығарып,
Жеті оқулық жазғаным!
Жетінші менің бақытым:
Ешбір жанды күндемей,
Көлгірсіген қу, сұмды,
Отты сөзбен түйрейтін,
Әділдік болды тапқаным
Қалдыбек Сейданов