Ақ сөйлейтін азамат ел басқарсын

Адамзатқа арман болған тақ пен тәж,
Бақ-дәулеттен мезі болып безген аз.
Көзге түссе топтан озып тайшасы,
«Уа, аруақ!»- деп,
Қариялар болған мәз.
Жас жеткіншек жаңалыққа құмар-ақ,
Талаптыға, таланттыға қонар бақ.
Қазағымның туын биік көтерер,
Әлі талай өр тұлғалар туар-ақ!
Дариялар жылғалардан басталар,
Асау толқын өршіп алға тасталар.
Бүгінгі жас рухани бай болсын,
Ертеңгі күн елімізді басқарар.
Ел басшысы- екі топқа бөлінер,
Бір басшылар жатса-тұрса, елі дер,
Енді бірі жақынына жан басып,
Ал сырт көзге сәуегейсіп көрінер.
Жаны таза, әділетті адал жан,
Жан дүниесі түбегейлі тазарған.
Ақ сөйлейтін азамат ел басқарса,
Қараша да қалмас еді назардан.
Ақ сөйлейтін азамат ел басқарсын!
Халқымыздың хал-жағдайы жақсарсын!
Өркениетті өркендеген ел болып,
Әз халқым-ау,
Үмітіміз ақталсын!
 
Төребай Сәрсенбаев
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *