Аттану

Ауыр қайғың мені есімнен тандырып,
Құсаменен көкірегімді жандырып.
Әбдірахман, ағатайым, бауырым!
Жарқ еттің де сөніп кеттің мәңгілік.
Жан жүйемде өмір бойы сақталдың,
Жүрегімде мәңгілікке жатталдың.
Ұстаздыққа оқып жүріп Төрткүлде
Алыстағы қан майданға аттандың.
Жедел кеттің қош дей алмай бауырға,
Қарсы кеттің қара дүлей дауылға.
Ол кезде мен балауса едім, жас едім,
Қала бердім қоштаса алмай ауылда.
Жас едім мен мәнін білмес еш ненің,
Есімде тек көз жасымды төккенім.
Аттанарда қарғыс атқыр соғысқа,
– Бибімәриям, хош, бауырым, – деп пе едің?
Дедің аға, айтқаныңа сенемін,
Әлденені сезген менің жүрегім.
Көз ілгенде мұз жастанып окопта,
Білдің бе, аға, түсіңе енген мен едім.
Мен қасыңда жебеушің боп жүр едім,
Құлағанда қолтығыңнан демедім.
Жылы самал желпіді ме жүзіңді,
Сол самал қыз қарындасың мен едім.
Иә, аға сенесің бе мен едім,
Жылай жүріп саулығыңды тіледім.
Мынау жалған шын екен де, сұм екен
Әттең менің болмай қалды тілегім.
Әлі есімде сол ызғарлы қара күн,
Құлағымда анам салған қаралы үн.
Мың тоғыз жүз қырық үште жетті елге,
Ерлікпенен қаза тапқан хабарың.
 
Кенжеғали Үсенов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *