Пәк болып келдім өмірге,
Адам боп өту – арманым!
Қулықтан бойды аулақ сап,
Арамза іске бармадым.
Біреулердің сыртынан.
Өсек айтып өкірте,
Көрінгенге ғайбаттап,
Жан сағалайтын жәмпеңдеп,
Жағымпаз жан да болмадым!
Талантты танып баулуға,
Бар күшімді арнадым.
Кір түсірмей көңілге,
Пәктікпен досты қармадым!
Жету үшін арманға,
Еңбек етіп, тер төгіп,
Биіктерге қол созып,
Қанаттана самғадым!
Көкірек керіп, паң болған,
Көргенсізді көргенде,
Сабыр сақтап, сан ойлап,
Аулақ ұстап өзімді,
Берекесіздерге бармадым!
Жамандардан жиреніп,
Кейіп ылғи алғанмын.
Шыңын аңсап ғылымның,
Білімге асқақ самғадым!
Тебіреніп тереңге,
Қаламсапты нық ұстап,
Әуезов пен Айбектің,
Игі жолын таңдадым!
Әділдік үшін алысып,
Шындық айтып, шырылдап,
Кей ретте, кей сәтте,
Сүрініп те қалғанмын!
Бірақ оған титтей де,
Іштей жанып, күйініп,
Бармақ тістеп, бас шайқап,
Өкініп, өксіп налымадым!
Көлгірсіген қулардың,
Арамза ісін аңғарып,
Тыжырына тіксініп,
Аң-таң боп та қалғанмын!
Сырын ұғып Шыңғыстың,
Әлемді оймен шарладым.
Сұмдығын көріп сұмдардың,
Таңдай қағып, таң қалдым!
Жолымыз нұрлы болсын деп,
«Нұрлы жолды» таңдадым.
Білімді халқым алсын деп,
Жолына ғылым барғанмын!
Сол үшін де, достарым!
Болды ғой ғылым қонысым.
Ақындыққа да бет бұрып
Шаттыққа көңіл толды шын!
Өтірік емес, шын сөзім!
Опасыз мынау – жалғанда,
Бір күндері қуанып,
Енді бірде ыза боп,
Алпысқа жасым жеткенше,
Дәл осылай болғанмын!
Мұнан соң да, тап солай,
Бала бейіл, ақ көңіл,
Пәк сезімді, әрі әділ,
Адам болу – Арманым!
Қалдыбек Сейданов