ҚАҢЫРАҒАН ҚЫСТАУЛАР

Айналамызда ел көрінбейді, олар қайда кетті деп сұрап жүрген мен де жоқпын. Апамның атымды атап, оқта-текте шақыратыны бар.-Сержан қайдасың?..Сондайда әлгі қаңыраған қыстаулар да: «Сержан қайдасың? Сержан қайдасың?» деп жан-жағымнан әңгірлеп қоя береді. Шешем екеумізді даусын мазақ еткендей айнытпай қайталайтын қорқынышты қыстаулардың қалайша сөйлейтініне таңмын. Үрейім ұшқандықтан аяғымды апыл-тапыл басып, үйге қарай қалтақтай жүгірем. Үй екі бөлме-ау деймін, әкем соның төр жағында төсекті қалың салдырып тырп етпей жатады да қояды. Бұған дейін әкемнің басымен арпалысқан боз айғыры болған; ердің қасында бауынан ілінген дорба бар, дорбаның ішінде жылаған кезде қолыма қыстыра қоятын тәттінің неше түрі бар. Өзі төсек тартқаннан бері боз айғыр көрінбейді, тәттілер де көзден ғайып болды. Кейінірек сұрастырсам, әкем әспіге шалдығып, басқармалығынан түскен. Боз айғырды арқыратып жаңа бастық мінді, қиыны -боз айғырдың үстінде ұмыт кеткен дорба. Науқастың қимылдауға селі көтермегесін, көшкен жұртта жалғыз үй қала бергенбіз.Әлі күнге дейін елсіз-сусыз жерде нені қорек етіп отырғанымыз мен үшін әлі жұмбақ, сөкет те болса айтайын, өзім емшек емемін. Дегенмен осы кезең біздің оттың басы үшін үлкен ауыртпалықты бейнелейтіндей. Өйткені, әлгі ескі қыстаулардың арасында мені қолтығына қысып ала қашу үшін тығылып жүрген үбіжіктер бар.

Қази Данабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *