Қара шаңырақ қасиеті

 
Боздадың, қылқобызым, аңырадың,
Әз дәуір, азаттық боп сағынарың.
Ақыры тебіреніп төрге шықтың,
Көтеріп қазақ қара шаңырағын!
Шаңырақ қазағымның қасиеті,
Арыс та, данышпан да бас иетін.
Шалқытып шаңырақтан шаттық әнін,
Танытқан жер жаһанға дос ниетін!
Шаңырақ алдырмайтын қамалы да,
Айбары, ақыл-ойы, амалы да
Шаңыраққа алатын бір қаратып,
Тайраңдаған тасырлау қонағын да!
Қыран ұл шыңға беттеп, талап еткен,
Шаңыраққа қиылып қарап өткен.
Шаңырағын шайқалтпай жесір қатын,
Жетім ұлдан жеті ауыл тарап өскен!
Таусылып талай тағдыр, тәмамдалған,
Зеңбірек зіркілдеген замандардан.
Соқса да құйындата қара дауыл,
Қирамай қоңыр үйлер аман қалған.
Жұтатса да көненің көңіл күйін,
Жұта алмаған өлмейтін өмір күйін.
Қиратса да патшаның ақ сарайын,
Құрта алмаған қазақтың қоңыр үйін!
Жанға жылу жапанның суығында,
Ұшыратын ұлысты ұлы ұғымға.
Қасиеті төріне қонақтаған,
Киесі бар кереге, уығында.
Шаңырақта шарана жаралатын,
Шаңырақтан жан-жаққа таралатын.
Шаңыраққа жиылып шартараптан,
Шаңырақтан танытқан қазақ атын!
Бұл бір шындық, бүгінгі балдар ұғар,
Арттағы елді ұмытпа, алдағылар.
Көкке шырқап кетсең де, бір қарап қой,
Шаңырақта атаңның аруағы бар…
Шаңырағым, сен барда қазағым бар.
 
Б. Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *