Тілімнен артық бізде бар ма мұра,
Ойласам көңілге мұң толмады ма?
Сүюге, құрметтеуге өз тіліңді,
Арнайы қоғам керек болғаны ма?
Сөнбесін енді жанған алдан үміт,
Жүруші ек көптен бері арман қылып,
Мәз болдық өткен жылы қазақ тілін,
Алғанға әупірімдеп заңдандырып!
Ана тіл өмірімнің мәні емес пе,
Қазақтың ары емес пе, бары емес пе?
Сөйлеуі әр халықтың өз тілінде,
Алланың өзі жазған заңы емес пе?!
Тең болса қазақ егер өңгелермен,
Дүние, сен басқаша дөңгелер ме ең?
Еркіндік, теңдікті біз сұрамайық,
Алланың заңын бұзған пенделерден!
Күтсек те ақыры бір қайырын да,
Батамыз ауық-ауық қайғы-мұңға.
Бір кезде өз тілінен үріккен қазақ
Оралсын деп тілеймін айдынына.
Әлі де талай қазақ мәңгіріп жүр,
Елігіп, әр нәрсені сән қылып жүр.
Кіре алмай өз үйіне қазақ тілі,
Далада жаутаң қағып қаңғырып жүр.
Аяққа ана тілі тапталған соң,
Болмақшы бізде қандай мәнді ғұмыр?!
Ұлдары біздің елдің арыстандай,
Бір өзі мыңмен жалғыз алысқандай.
«Қазақша оқып, жаза білмеймін», –деп,
Шіркіндер мәз болады-ау намыстанбай!
Олардан ертең қандай ат қалады,
Білмеймінжәне не деп ақталады?
Аяққа ана тілін таптап тұрып,
«Ананы сыйлаймыз» –деп мақтанады.
Қазбалап кетсем егер қата істі көп,
Ойлама мына бала шатасты деп.
Аталар ақсақалды тік тұрады,
Алдында келіндердің «аташкі»боп.
Аталар немереге «деда»болды,
Ағасы інісіне «дәдә»болды,
Әжелер, әулиедей, о, дариға,
Аузымен балалардың «баба»болды.
Шүлдірлеп, шұбар сөйлеп үлкен-кіші,
Қазағым өзгелерге таба болды!
Бауырлар, ойласаңдар,уайым қайда,
Әлдиді ауыстырдық «баю-байға».
Аяулы ана әлдиі ұмытылса,
Халқымның болашағы жойылмай ма?!
Ойласам, мұның бәрін күйеді ішім,
Бұл ұрпақ қайдан таппақ сүйенішін?
Орыстың «баю-байы»өзіне ыстық,
Әлдиім–қазағымның киелісі!
Әу бастан әлдилеңдер сәбиіңді,
Жалғайтын болашаққа ән күйіңді.
Қазақтың табиғатын танытатын,
Ұмытпа, айналайын, әлдиіңді!
Жастары жүргеннен соң жатқа елігіп,
Бір қазақ бір қазаққа жат көрініп,
Қорқамын ішімізден басқа ұлт шығып,
Қазағым кете ме деп қақ бөлініп?!
Тамырын қазағымның жұлған дағы,
Өз көрін өзі қазар ұл қамдады.
Озбырлық құрбандығы деп ойлаймын,
Бір ұрпақ тыңнан кейін туғандарды.
Тапталып ата-баба салты қалып,
Танымай өзі туған халқын да анық.
Алданып, арман-мұрат адыра қап
Ескексіз қайықтай боп қалтылдады.
Ортақ боп бұл ұрпақтың күйігіне
Жіберме сора тартқан иірімге.
Саяқтай сыртқа теппей, сырын ұғып,
Аялап қосу керек үйіріне!
Жөн болар, сөз түйіндеп бітіргенім,
Әрдайым түзу ұшсын түтіндерің.
Қазақ тілі мәңгілік жасай берсін,
Қабырғаң сөгілмесін бүтін елім!
Б.Әлімжанов