Ерітіп қыс қырауын, жарып мұзын,
Қош келдің,қайран Наурыз,жарықтығым.
Ұмытпай жылдың басы–Наурыз тойын,
Қазағым сақтап қалған халықтығын.
Шығыспен бірге сен де тоналып ең,
Ескілік сарқыншағы саналып ең.
Жүректің тереңінен орын алып,
Календарь беттерінен жоғалып ең.
Халқымыз жаңа өмірге аттанғанда,
Азаттық жыл құсындай оралып ең.
Көп көрдік тар кезең мен көк тайғақты,
Ел болдық әлем білген көк байрақты.
Көкке ұшып,көк мұхитты көктей өтіп,
Ұл-қызың көк байрақты көкте ойнатты!
Солқ-солқ еткен Ситиде жеңгеміз жоқ,
Жеңбедік деп бірақ та өлгеміз жоқ.
Кәңкиден кейін қалып қойсақ тағы,
Ән-күйден кейін қалып көргеміз жоқ.
Ән-күй мен бесік болсын тербететін,
Ұл-қыз болсын елім деп ержететін.
Жаңа жыл жарқын жүзді елге құт боп,
Көркейтсін қазағымның мемлекетін!
Кел,кел,Наурыз,келНаурыз,
Пейілі елге кеңНаурыз,
Нулы болып жеріміз,
Сулы болсын көл наурыз,
Еш қылмай елдің еңбегін,
Ырысын мол ғып бер,Наурыз!
Жаңа жылың құт болып,
Қадамы елдің нық болып,
Молынан болып ағымыз,
Баянды болып бағымыз,
Ұзағынан болсын де,
Тыныштық мына шағымыз!
Тіршілікті құртатын
Ракета мен бомбаның
Қанаттары қиылсын.
Зарлаған ата-ананың
Жоқтаулары тиылсын.
Ел басына тумасын
Ер сыналар қиын сын.
Жақсы істерің көп болып,
Дос қуанып,сүйінсін.
Адамзаттың жемісі
Ұрпағына бұйырсын.
Барлық ұлттың тілегі–
Наурызкөже секілді
Бір арнаға құйылсын!
Б.Әлімжанов