КҮЗГI ДЕВАЛЬВАЦИЯ

 

Ала жаз өте шықты сайран қуып,

Алқынып қала бердiм айлам құрып.

Алдыма алып келдi

Алхимик — күз

Алтынға жапырақты айналдырып.

Күзгi бақ құшағына жиi енемiн,

Күрсiнiп,

Күрең күнге сүйенемiн.

Күлiмдеп қайта келсе қайран көктем,

Күйдiрiп ерiнiнен сүйер едiм.

Көзiмнен бұл-бұл ұшты-ау мұңсыз жалған,

Күмбезi күлгiнденiп,

Күн сызданған.

Аспаннан алтын шашып ағаштар тұр, —

Асылдың заманы ғой құнсызданған…

 

Ұлықбек Есдәулет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *