Аңсаған адамдардың жарасымын,
Арнаған туған елге бар асылын,
Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ
Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!
Кейде тоқ, кейде болдым жүдеужадау,
Керек пе сөз көбейтіп бәрін санау?
Апырмай, мен де осындай болсам дейтін
Тұлға көп адамзатта қадауқадау.
Ешкімнің биігіне таласпаймын,
Өзімнің жолым жатыр тараутарау!
Жалғанда жаманшылық қуыспаған
Адамдар ақ пейілді туыс маған,
Алла деп ақ сөйлегем домбыра алсам
Жалтақтап және ешкімнен ығыспағам,
Түсіме кіріп ұлы бабаларым,
Жолбарыс жон арқамнан уыстаған!
Су кетпесін мөпмөлдір бұлақтардан,
От кетпесін тұтанған шырақтардан,
Белдерің бүгілмесін еңсең түсіп,
Арқаңа тірлік артқан сұрақтардан,
Ұзақ та мәнді болсын ғұмырларың
Қазақтың өлеңіндей шумақталған!
Мәңгілік жырлай берсін дала тынбай,
Жырларын өсе берсін бала тыңдай.
Көргенде жарқын жүзді адамдарды
Аппақ нұр жүрегіме толатындай,
Сол нұрды көбейсін деп дүниеге
Себемін қарлығаштың қанатындай!
Баянғали Әлімжанов