Хақ тағала аспан, жерді жаратқан,
Әр халықты әр қиырға таратқан,
Тілі басқа, түрі бөлек бәрін де
Күрсіндіріп зеңгір көкке қаратқан!
Қилықилы болсадағы өткелі
Көкқұмарлық көкіректен өшпеді,
Могикандар аспандата ұран сап
Шумерлердің ойы көкке беттеді,
Мәңгі өлмейтін мифтерінде эллиндер
Көкке ұшам деп жанып кеткен жоқ па еді,
Көк түріктер көк тәңірге табынып
Көкке қарап ұлитұғын көкбөрі,
Көк боз ат пен ақ боз атты қосақтап
Қазығына арқандаған көктегі,
Қиялында көкте жүзіп жүргенмен
Түрік қолы көкке бірақ жетпеді!
Ай мен Күнді ардақтаған Алашым
Биіктерге баулитұғын баласын,
Көк дөненнен жүйрік қазақ көңілі
Шарлайтұғын жұлдыздардың арасын,
Киіз үйде отпен бірге алаулап
Ғарыш сыры арбайтұғын санасын,
Ұша алмады өзі бірақ, амал не,
Космодромға берседағы даласын!
Кімдер ұшып, кім қонбады далаға
Хаттап, шоттап сана мейлің, санама,
Отыз жылғы өрендердің ішінде
Бір қазақ жоқ дегенге жұрт нана ма?!
Қыпқызыл от, зиян қалған ізінде
Ғарышқа ұшу пайда ма екен түбінде?
Тек әйтеуір келді қазақ кезегі
Мың тоғыз жүз тоқсан бірдің күзінде!
Қалды артыңда бодан болған қор шағың
Жеңді ақыры елдік атты ер сарын,
Алақанға салды қазақ баласы
Аттила да ала алмаған жер шарын!
Тына қалып тас кеуденің бұрқағы
Шырылдаған шындық көкке шырқады,
Күнге беттеп күндей күліп келеді
Күннен туған ер гүндердің ұрпағы!
Көкжалдығын халық көрген Тоқтарым,
Көкке жолды салып берген Тоқтарым,
Көптен бергі көк түріктің қайтпаған
Көп есесін алып берген Тоқтарым!
Қайратты да зейінді,
Айбатты да мейірлі,
Болғанақ шығар осындай
Батырлары әлемнің
Бұрынғы мен кейінгі!
Алақаны күректей,
Саусақтары білектей,
Дыбыстан ұшқыр ұшақты
Дәл қондырған кемеге
Айдынын теңіз кірлетпей,
Қақ жарып мұзды мұхитты
Тоқтаусыз ұшқан полюске
Жанармай құйып аспанда
Жұмбақтан жүрек дір етпей,
Қиынның жеңіп талайын
Абыройға бөленген
Туған елін жүдетпей,
Атлас батыр секілді
Көк күмбезін көтеріп
Ұстап тұрған тіректей!
Қыран құстай достарымен табысты,
Құшақтасып, ер парызын алысты,
Иен далада арғымақпен шапқандай
Тоқтар кезіп келе жатыр ғарышты!
Нұр құйылып жүрегі мен санаға,
Көз жіберді тау мен мұхит, далаға,
Шексіз, түпсіз кеңістікте қалықтап
Өз жолымен бара жатыр ЖерАна!
Айдынды шалқар су қандай,
Судан ұшқан бу қандай,
Керіліп жатқан кең дала
Тауға біткен ну қандай,
Осынша сұлу дүниені
Шарпысқан ашуызаның
Қара бұлты буғандай!
Аспан шексіз, мөлдір неткен,
Секілді бір мәңгі көктем,
Қолын созып, көз талдырып
Мұңлық небір өндір өткен,
Жер бетінің өнбес дауы
Ерді не бір еңіреткен!
Елді құртқан, ерді жұтқан
Таудай болған даудамай,
Қарағанда ғарыш жақтан
Тарыдай да болмадыай,
Қолдан жасап қанды қасап,
Адам ұлы бірінбірі
Аямастан жалмадыай,
О, дүние, жалғанай,
Кінә тағып жан біткенге
Бұл өмірге көп өкпелеп
Қойыңдаршы зарламай,
Зар көбейсе, пәлежала ушығып,
ЖерАнаны жаралайды, арманай,
Көтере алмай соншалықты
Озбырлықты, жауыздықты,
Аярлықты, арамдықты
Күңіреніп ЖерАнамыз
Шексіздікке шеру тартып,
Күйіп кетсе не болады, Алламай!!!
Құдай ортақ, Жер де ортақ, Күн де ортақ,
Көппен көрген ұлы тойдан кім қорқат,
Жалғыз өзі жетем дей ме мұратқа
Ортақ үйді ойрандаған жынкөрқап!
Отжалында өмір бақи жандың да,
Ақылестен біржолата тандың ба,
Қарапайым әрі дана ақиқат
Ей, адамзат, екіақ жол тұр алдыңда!
Жер бетіне сыйластықпен сыясың
Я желкеңді бірбіріңнің қиясың,
Өзгелермен өзің қоса қиылып
Біржолата тіршілікті жоясың!
Опырыпап, ойып, отап таптақыр,
Тартып жерді көкпардай ғып қақпақыл,
Көздеріне үймелетіп көк шыбын
Бірінбірі көрде өкіртті көп батыр.
Батырларды бір кемеге мінгізсе,
Біраз уақыт көк аспанда жүргізсе,
Ғарыш жақтан жерге бір сәт қаратып
Көп таластың керексізін білгізсе!
Насихаты емес жалған текке айтқан,
Ақиқаты өзек жарды көпке айтқан,
Айға қонған Армстронг аспаннан
Тәубә қылып, хақ мұсылман боп қайтқан!
Тәубә, тәубә, керек бізге көп тәубә,
Тәубәсіздер енді иманды жоқтауда,
Қанша ғасыр қасап болды қан сасып
Ей, адамзат, болмай ма енді тоқтауға?!
Ақ пен қызыл, қоңыр, жасыл түске ендік,
Жат жұрттарға көз алартып, тістендік,
Өзімізді артық санап өзгеден
Ұялмастан құрмақ болдық үстемдік!
Қанға сіңген сонау кезден ес білмес,
Ең ежелгі ессіз сезім ескірмес,
Алшаңдаған ақ нәсілден әлемде
Өзін артық санайды екен эскимос.
Табиғи заң екендігін түсінем,
Түңілмеймін нәсілінен, түсінен,
Теңдік заңға қол қойса да барлық ұлт
Өзін артық санайды екен ішінен!
Санай берсін, оған бола жынданба,
Қуан қайта, еңсе биік тұрғанға,
Қайтер едің сорлы болса кембағал
Сенен басқа халық біткен жалғанда!
Өзінөзі қор санаған ел емес,
Өзге жұртты кекепмұқау жөн емес,
Артық емес бір халықтан бір халық
Нағыз халық ешкімнен де кем емес!
Жек көрмеңдер бірбіріңді тістене,
Ешкімге ешкім бола алмайды үстеме,
Өзіңді артық санасаң да өзгеден
Дәлелдеуге күшенбе тек, күштеме!
Жанын сақтап қала алмайды жасқанған,
Асқақтап та аса алмайсың аспаннан,
Барлық пәле бірбіріне адамның
Артықтығын дәлелдеуден басталған!
Кемсітпейақ өзге жұрттың орынын,
Қиын ба осы шын керемет болуың?
Мойындатам деп жүргенде басқаға
Қайырылып қалмасын өз мойының!
Пәле қумақ пешене ме пендеге,
Өмір жоқ па өктемдіксіз өңгеге,
Бағынуға міндеттімін мен неге,
Басқаруға тиістісің сен неге?!
Мен – қазақпын, сен – орыссың, сен – неміс,
Ел емеспіз ең керемет, ең кеміс,
Мен ұлымын, бағындырам дегеннен
Басталады бар ғаламдық сенделіс,
Біздің қазақ басынбаған ешкімді
Өзің айтшы, қалай еді сендегі іс?
Бірбіріңді жаулап алу –қиянат,
Бәріміз де бір кемеде – жердеміз,
Қоқанлоқы, қақтығысты тый дағы
Жер бетінен жарасыммен тер жеміс!
Пәле іздеме досыңнан да, қастан да,
Мұңға батпа, жасыма да жасқанба,
Жаман ой мен ұсақтыққа салынбай
Жиіжиі қарап тұршы аспанға!
Жат сезімді жүрегіңе өткізбе,
Көңіліңе кемшілікті көп тізбе,
Жамандықтан жабырқасаң жердегі
Жер бауырлап жатып қалмай, көкті ізде!
Жан білмейді періште ме, аруақ па,
Шексіз қуат, таза нұр бар ол жақта,
Тазалық пен сұлулыққа ұмтылшы
Құмар болмай қан төгіс пен қылжаққа!
Байлығың мен көптігіңе тасынбай,
Бірбіріңді бағындырып басынбай,
Бір бауыр боп татутәтті жүрейік
Қамыт болып мойнымызға асылмай!
Біз жүрейік сыйластықты ән қылып,
Жоқ өмірде одан басқа мәнділік,
Нағыз достық болады ғой тек қана
Тең халықтар арасында, мәңгілік!
Біз сыйлаймыз барлық елді ғажап қып,
Сен де, ғалам, құрметтей біл қазақты,
Өзгелердің азаттығын сыйлаудан
Басталады шын мәнінде азаттық!
Көз алартып мекеніне басқаның,
Ықтиярсыз топырағын баспағын,
Бәріміз де баласымыз ғарыштың
Мәңгіліктің бір сәтіміз қас қағым!
ҒарышЖердің ашып жаңа парағын,
Айәлемді айналдырып пырағын,
Екі досын – барша адамды құшақтап
Кең далаға қонды Тоқтар қыраның!
Жан сарайын жаңғыртқандай жел иісі,
Аңқылдаған жел әкелген ел иісі,
Аспан, ғарыш шын ғажайып болса да
Бәрінен де артық бейбіт жер иісі!