САТТЫ МА ДОСЫҢ…

 
Шынымен сенген сатты ма досың,
Жаныңа қатты батты ма тосын?
Сүрінген кезде сыртыңнан күліп,
Табалап таспен атты ма сосын?!
Еріңнен ауып, атыңнан құлап,
Құшақтап жерді жаттың ба жылап?
Мұң шағып барсаң мұқият тыңдап
Сырыңды ұғар таптың ба құлақ?!
Не болды саған, соншама күйреп,
Кім сені қолдар, жан сала сүйреп?
Жолынан азып қайтпаған атаң
Жатса да дұшпан қаншама түйреп.
Өмір де кейде етеді мезі,
Көп жәйтке жанның жетеді көзі.
Алғыс айт оған, көрсетіп берген
Өзінің қандай екенін өзі!
Сабағын тағдыр түсінген жоқсың,
Алдандым­ау деп күрсінбе көп тым.
Қайтер ең сатса сол досың сені
Қып­қызыл майдан, ішінде өрттің!
Сен оған сеніп барлауға барсаң,
Шайқасып жаумен шырмауда қалсаң,
Жапанда жалғыз жаралы күйде
Ол тастап кетіп, арманда қалсаң…
Қайтер ең тіпті, желкеңнен атса,
Жап­жарық күнің ертелеу батса…
Ендеше қазір елең де қылма,
Дұшпан боп досың желдетіп жатса.
Достықты нағыз маржанға бала,
Жылтырақтарға алданбай қара.
Аман­сауыңда құтылғаныңа қуан,
Азба да тозба арзанға бола!
 
Б. Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *