Ұрпаққа мұра қылған сырын аңыз,
Ұлы жыр – Қорқыт баба, ұлық абыз,
Қобыздың күңіренген сарынынан
Өмір мен өлім жайлы сыр ұғамыз.
Данышпан Қорқытты да құтқармаған
Ажалдан қайда барып тығыламыз?
Мән жоғын біліп тұрып біз несіне
Жалғанда жанжалдасып қырыламыз!?
Киелі қобызында аталардың
Мұңзары тұна қалған сахараның.
Бебеулеп шанағынан суырғанда
Бір суып, бір ысиды асау қаның!
Сабырмен көрген заман үскірік, қарын,
Сарынмен жеңген айқай, ысқырықтарын
Қазақтың қасиетті қыл қобызы
Әкесі виоленчель мен скрипканың!
Мияуы милау қылса мауыққанның,
Зияны зілмауыр ғой жауыққанның.
Ұлыған, абалаған даңғазадан
Амансау жанымызды алып қалдың!
Әкетсе еліктіріп бұлғақ қылық,
Кім түзер желіккенді сындап тұрып?
Ақылы ауытқыған адамдарды
Алса ғой қыл қобызбен бір қақтырып!
Баянғали Әлімжанов