Мәшһүр Жүсіптің ізімен
Олжабай асқан батыр, бұла күштi,
Бiр үйге бiр жорықта тура түстi.
Күйеуi сапарда екен, жалғыз әйел
Әйгiлi қонағына құрақ ұшты.
Көсiлiп көкжал көзiн iлдi дейдi,
Қара түн құпияны бiлдiрмейдi.
Олжабай шырт ұйқыда жатқан кезде,
Қойнына әйел келiп кiрдi дейдi.
Олжабай от пен судан саспап едi,
Ордалы он сан қолдан қашпап едi,
Аузына кiрер болса жыланның да,
Тiсiмен басын қыршып тастар едi.
Жын ба өзi? Перi ме әлде албасты ма?
Деп ойлап аңтарылды алғашқыда,
Қазақта қандай қатын бүйтушi едi,
Ақылдан әлде байғұс алжасты ма?
Дедi әйел: «Перзентсiздiк тарттым зарын,
Белбеуге түйiп келдiм беттiң арын,
Байымды қубас деген сөз батады,
Мен қайтіп қарыстырам жұрттың жанын?!
Ер едiң, бұл сырымды жая алмассың,
Қағынды қатын болсам қара бассын,
Дәметiп кеп отырмын аруағыңнан,
Бiр атым оғыңызды аямассың!»
Жалаңаш жата кеттi ұзынынан,
Қараша үй қайнап кеттi қызуынан.
Қиынау қайратты ерге қалыс қалу
Жалғанның бiр ғажайып қызығынан.
Ол айтты: «Құдай бiлер мұратыңды,
Жаяды рахым қылса қанатыңды,
Жолыма бiр жобалғы боладыау деп,
Серт қылғам былғамауға болатымды!
Намысын азаматтың жерге таптап,
Кетпекпiн қалай ғана дәмнен аттап,
Шын болса менде бары, бердiм саған,
Ерiңмен қауыша бер жүзбен аппақ!»
Қазаққа қызықтан да ұят артық,
Кiндiктен төмен қарай қия тартып,
Бiр сипап алақанмен жүре бердi,
Қалды әйел құс төсекте бойы балқып.
Өртенiп, өмiрi ұқсап ертегiге,
Қуанды шөп шыққандай өртеңiне,
«Қонағым құдай ақы ұл бердi» деп,
Боз қасқа айтып шалды ертеңiне.
Құдайым бердi дейдi тiлеудi ендi,
Бейбақтар үмiттенiп күлер болды,
Олжабай атап кеткен лепес бала
Өркендеп, өсiпөнiп бiр ел болды!
Замана уақыт өтiп өзгерiптi,
Бұрынғы кейiнгiге сөз болыпты,
Олжабай немересi Арыстанбай
Қарулы қолға бiр күн кез болыпты.
Айшай жоқ дабылдатып даңғарадай,
Екi топ айқасыпты айдалада,
Тұлпардың тұяғынан от ұшқындап,
Шаңтозаң бұрқырапты айналаға.
Бiрбiрiн жұлқыса да жыға алмайды,
Талдырып талмау жерден ұра алмайды,
Бұлар да Олжабай деп қиқуласа,
Олар да Олжабайлап ұрандайды.
Олжабай Орта жүздің ұраны екен,
Ерлiктiң өшпейтiн шам шырағы екен,
Кiм бұрын Олжабайдың атын айтса,
Аруағы соны қолдап тұрады екен,
«Олжабай! Олжабай!» деп шапқан кiсi,
Жасанған жауды жалғыз жығады екен.
Әрқайсысы өз асығын алшы көрiп,
Салса да күшқайратын бар шiренiп,
Таусылды амалдары жеңiсе алмай,
Олжабай Олжабайға қарсы келiп.
Доғарып сойыл соғыс күн батарда,
Титықтап келедi ендi тiл қатарға,
Қоржыннан алты малта бөлiсiп жеп,
Қол бердi қас қылмауға бұл сапарда.
Сөйледi Арыстанбай: «Ерге бiр сын,
Уағданы бұзған адам жерге кiрсiн,
Мен болсам өз атамның атын айттым,
Шығатын Олжабайлап сендер кiмсiң?!»
Шайқаста қаһарланған жыны буып,
«Жаулардың» ең үлкенi суырылып,
Әйел мен Олжабайдың әңгiмесiн
Сөйледi шешен тiлмен ұғындырып.
«Ол әйел, – дедi, – бiздiң анашымыз,
Ананы ардақтаған Алашымыз,
Хангелдi – менiң атым, өркен жайған
Олжабайдың бiз лепес баласымыз.
Батырдың батасынан туғандаймыз,
Ерлiкке белiмiздi буғандаймыз,
Олжабай – сенiң де атаң, менiң де атам,
Сиынып аруағына ұрандаймыз!»
Соғысып күнi бойы аман қалған,
Осымен дұшпандығы тәмамдалған,
Қос батыр құшақтасты бауырмыз деп
Жаралған бiрi қаннан, бiрi жаннан.
Қаһарман, күркiреген пiлдей болған,
Шуақты көңiлдерi күндей болған,
Жарықтық аталарым әулие ғой
Қазақтың баласына бiрдей болған!
Жан бiлмес жаратқанның жұмбағы көп,
Алаштың құдай сүйген ұлдары деп,
Жылаңқы жасық жырды ұнатпаймын,
Тұрады батырларды жырлағым кеп!