Көз көрмейтін жүріп жатыр күнде егес
Кешегімен бірдей емес, кем де емес.
Сондадағы бүгініңе тәуба де,
Уақыт болған кімге шындық, кімге елес.
Үрей буған дүлей заман өтіпті,
Халық қойған оның аты – үндемес.
Жан білмейді кім қадірлі, кім құнсыз,
Көндігіпті күн көруге күңкілсіз.
Қандай ғажап азаматтар бір түнде
Ғайып болып кетеді екен үнтүнсіз!
Бейімделіп арыз жазғыш сүмелек,
Талай ердің көзін жойды, не керек.
Нахақ жандар тас қараңғы құрдымға
Топырлаған күнітүні дөңгелеп,
Сөз түгілі түптеріне жетіпті,
Іш киімі болса қызыл шүберек!
Шексіз билік көзсіз соқыр болғасын
Кім білмейді ел тағдыры оңбасын?
Жұтпақ болды үндеместің араны
Алыстағы бір ауылдың молдасын.
Екі «батыр» аттаныпты салдырлап
Мініп алып олжа қылған жорғасын.
Молдекеңнің мұңаятын шағы бар,
Бір Алладан басқа жан жоқ шағынар,
Аруақ қонған қасиетті кісі екен
Жағдайы жоқ жаннан қорқып жаңылар,
Екі әумесер айшайына қаратпай
Арбаға әкеп отырғызды, нағылар?
Жаңа ғана ауыздықпен алысқан
Жұпжуас боп жүрмей қойды жануар!
Басқа, көзге сабалады, тепті атты,
Күнге кезеп, мылтықтарын көкке атты,
Қызыл жаға, қызылкөзден ұялып
Күн де ұяға қанқызылдау боп батты.
Молда мінсе баспай қойған боз жорға,
Молда түссе ойнақ салып жол тартты,
Күші жетпей киесіне кәрінің
Тарантасын тарылдатып бос қайтты.
Қаһарланды мәнжайды естіп ләшәндік,
«Білген емес НКВД нашарлық,
Молда түгіл, Алланың да кеудесін
Коммунистің қуаты бар басарлық!»
Ертіп алып әлгі екеуін соңына
Түсті бастық озбырлықтың жолына,
Молдекеңді білегінен бас салып
Жұлқылады қаратпай оңсолына.
Үлкен жұмыс бітіргендей дұрыстап,
Екі иінінен әреңәрең тыныстап,
Үйден сүйреп алып шықты молда деп
Иттің екі қу сирағын уыстап.
Барқырады. «Қасиетің осы ма?»
Жұрттың бәрі қарады оған шошына,
Не болғанын сонда байқап ләшәндік
Тұра қашты міне салып атына.
Сол кеткеннен содыр, сойқан мол кетті
Қайта айналып қайырылмай артына…