Тұңғиық көкке
Қараймын неге телміріп,
Мұңайып жаным,
Мүжіліп іштей егіліп,
Мұхитты кешкен
Қайықтай жалғыз қалтылдап
Қиялдап барып,
Не сезіп қайттың, не біліп?
Құпия, ғайып,
Зілмауыр ой мен сыр бүгіп,
Үнтүнсіз езген,
Көңілге күптеп жүз күдік,
Ғарышқа шексіз,
Мәңгілік жалғыз сауалдың
Жауабын іздеп,
Үңілем неге үздігіп!?
Ғасырдан ғасыр…
Қас қағым сәттей зырлауық,
Жылауық уақыт,
Уайымың қандай шырмауық,
Шуылдап кетті
Шалығы барлар неліктен,
ЖерАна саған,
Төнді ме шындап бір қауіп?!
ЖерАна,
Бізді
Көтеріп ұшып, айналып
Кезесің көкті
Кіндігің Күнге байланып…
Ақырзаманның
Зауалы келіп қалды ма?!
Адамзат отыр
Амалы құрып ойланып.
Не болар екен
Құрдымға кетсе құлап жер,
Тыйылар ма екен
Жарылыс, жанжал құлақ жер?
Ұрыса бермей
Ұғатын кезің болды ғой
Біздерде бары –
Бір ғана Құдай,
Бір ғана Адам,
Бірақ Жер!
ЖерАна, жүдеп,
Жұқарып жүйкең тозды ма,
Тұрлаусыз уақыт
Айналымыңнан озды ма?
Опырып, өртеп,
Қиратып,
Жойып,
Жалмаған,
Жындылар енді
Сенің де көрің қазды ма?
Түбіңе сенің
Қалайша жетпек мұндай құл,
Төбеден бағып
Рахымы шексіз құдай тұр.
Қайырын тілеп
Қандай да болсын қайранның
Алладан бұйрық
Келгенше, жерім,
Шыдай тұр!
Мейірбан едің…
Бауырыңа тарттың Айды да,
Батыра көрме
Баланы сәби қайғыға.
Рахмани нұрдан
Жаралып едің, ЖерАна,
Кеше гөр бізді,
Кешір де жолдан айныма!
Баянғали Әлімжанов