«ЖАС ҚАЗАҚ» ӘНІ. ТӨЛЕГЕН МЕН РАМАЗАН

Адамзатты әлдилеген, шуағына бөлеген
Аңыз­аққу ән аз емес… Көп өлең,
Бірақ мынау әннің жөні бір бөлек
Оның құнын ерлер қанмен төлеген!
Кегін қуып, фашизмге автомат боп оқталып,
Бір топ жауға жалғыз өзі қайтпай қарсы аттанып,
Қыра берген қынадай ғып Құламерген сияқты,
Өр Алтайдың ақиығы – ер Төлеген Тоқтаров!
Қыран ұлдан қашқан фашист – қарақшыдай көп қарға,
Қап­қара боп сұлап түсіп, серейеді ақ қарда,
Тура келген ажалға да арыстандай атылар
Өрен ұлдың жүрегінде Отан деген от барда,
Амал қанша… Темір құрсау тас жүректі жауыздық
Отаншылды опат қылмай тоқтар ма?
Жас қабірін жан досының көрген сәтте Елебаев егіліп,
Ән шығарды Тоқтаровты жоқтауға,
Бүкіл майдан жас қазақ деп ән салды,
Мүмкін бе еді мұндай әнді айтпауға!
Қан майданда ай нұрымен жан­жараға
дәру болып себілген,
Қыршын кеткен боздақтардың жоқтауы
боп жылдар бойы егілген,
Гимн болған қазақтарға, қаймықпастан шынжыртабан,
дүлей, дажал өлімнен,
Қасқайып тұрған құрбан деп жаным туған жер,
туған елімнен,
Көсемдердің ары таза болмаса… Жауап берер өздері,
Солдаттардың қаны таза сол соғыста Отан үшін төгілген!
Қазір бірақ бәрі өзгерген… Жаңа заман… Жаңа заң,
Бас тартуда бұрынғы өлшем, қалыптасқан бағадан,
Кеше ғана табындырған көсемдер мен батырлар
Құлап түсіп тас­тұғырдан, өшіп жатыр санадан,
Тарих бірақ өзгермейді, өшпейді,
Мейлің мақта, мейлің датта, күйіп­пісіп, назалан,
Айнымайтын ақиқаттар болады
Аударсаң да өткен істі арлы­берлі жаңадан,
Басқыншының қандайын да маңдайынан ұр деген,
Қағида бар бұлжымайтын, қалған бізге бабадан,
Баса­көктеп, қырып­жойып келген жаумен шайқасып,
Жанын қиып, от­жалында жанды­дағы Рамазан,
Жарып шығып жас жүрегін,
шырқыраған арман­мұңы аманат,
Ескерткіш боп жас қазаққа қалды мәңгі ғажап ән!
Тағдыр… Тарих… Тартса да әбден азабын,
Қылкөпірде тұрғанда да ұмытпаған қазағын,
Текке кетпес текті аталар төккен қан
Жас қазақтар жоғалтпаса,
Айта білсе өз әнін!
 
Баянғали Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *