ЕСКІ ҮЙДІҢ ОРНЫ

Ескі үйдің орны естелік,
Жүректен өшпес нала­жыр,
Қалада зәулім ғимарат,
Балконға сыймай бала жүр,
Тұрсаң да Айда, елдегі
Ескі үйді еске ала жүр.
Шүпірлеп қарадомалақ
Ескі үйде өстік домалап.
Кішкентай ғана әйнектен
Кең дүниеге сығалап.
Мұз қырау іліп мұртына
Даладан келген атекем
Қаракөлеңке бұрыштан
Кенжесі қайсы екенін
Айырар еді­ау жобалап.
Үй тарлау, бірақ сыйыстық,
Болмайтын бізде іштарлық.
Үйлесіп пештің отымен
Тұтанып еді­ау ескі үйде
Өмірге деген құштарлық!
Алысқа тартты ағалар
Тіршілік теңіз жағалап.
Қажыған кезде кететін
Ескі үйді біраз паналап.
Жатырмыз көшіп ауылдан
Керек­ақ шығар қыстықпау,
Көңіліме бірақ біртүрлі
Жатаған келген ескі үйлер
Кең сарайлардан ыстықтау!
Ескі үйдің бәрін қиратып
Жаңаға көшсек қызығып,
Абайла, достым, кетпесін
Ескі бір тамыр үзіліп!
 
Баянғали Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *