Кісілер кейде бетімен сөйлеп еседіау,
Албаты сөзбен түйінін тағдыр шешедіау,
Ессіздіктерден ескексіз қайық секілді
Өршиді келіп нешеме жаулық, неше дау.
Ел болып бүгін әспеттеп жатқан ерлерің
Ақ сөңке болып көмусіз қалған деседіау!
Арыстар өткен алысып жаумен қаншама,
Қан жұтқан қырат, сүйекке толып сайсала,
Қиылып қыршын, садаға болған боздақтар
Отанын қорғап, ұрпағын ойлап жан сала.
Әлі де қорғап даланы шырпыр айналып,
Олардың рухы аспанда жүр ғой ән сала!
Күмпілдек кеуде, күмпиген қарын не білген?
Мансап пен мандат, байлық пен майға көмілген,
Жандайшап жаршы еліре мақтап жатса да,
Сарқытын ішіп, сүйексаяғын кемірген,
Олардан артық, биікте тұр ғой мәңгілік
Ерлердің рухы ел үшін қаны төгілген!
Баянғали Әлімжанов