Шексіздіктің біледі кім мөлшерін…
Қиялдадым…
Жер, көкті,
Күнді өлшедім.
Жете алмадым түбіне
Бар сезгенім –
Шексіз ғалам…
Мен сенің бір бөлшегің!
Ой азабын арқалап сенделіп тым
Кетпесем де,
Көп сырды желден ұқтым.
Шырылдайды шыбын жан шырқау іздеп
Шырмауынан шыға алмай пенделіктің.
Пендешілік…
Дүниеай,
Пәни жалған,
Дәурен – ғұмыр…
Осы ма нағыз арман?!
Менің жаным мәңгілік мән іздейді
Галактика,
Ғарыштан,
Жұлдыздардан.
Құштар болдым жұлдызға
Бала кезден,
Жылқы бағып кезекпен, дала кезген.
Жұлдыздар мен жанымның арасында
Бір жақындық барлығын қалай сезгем?!
Айсыз түн
Айдалада
Ұйқы қашқан,
Пысқырады жылқылар жусап жатқан…
Естен тана үздігіп Құс жолына,
Ұшып кеткім келетін жұлдыз жаққа.
Мөлтмөлт еткен жұлдыздар
Көп, көп еді,
Жерге тамып кетердей көркем еді.
Суырып алардай боп өзегімді
Шақыратын жан қоймай көкке мені…
Таң атарда қоштасып, қимайтынмын,
Әлденеге ішімнен жылайтынмын,
Сыйса деуші ем
Бар ғалам жүрегіме
Сыя қоймай ол мені қинайтұғын!
Жарты ғасыр өтіпті,
Өмір легі…
Бір тынбайды қаланың дүңгірлегі,
Тынысыңды тарылтып түнгі лебі,
Жұлдыздар да қазіргі өзгешелеу
Әлде өзгерген мен бе екем,
Кім біледі?!
Бүгінгінің балдары біздей ме екен,
Көктің сырын сезе ме,
Сезбей ме екен…
Менің таза, мөпмөлдір жұлдыздарым
Бала досын даладан іздей ме екен?!
Баянғали Әлімжанов