АҒАМЕН СЫРЛАСУ

 
Қасен Әбсәләмовқа
 
Қалай боп тұр, Қасен аға, күн бүгін,
Тау­даланы сілкіндіріп дүбірің,
Алтын кеніш ГОК­ты көкке көтеріп
Өрлеуменен өтті біраз ғұмырың.
Қара тасты қара термен суарған
Кеншілерге жақты сабыр, қылығың.
Түскеніңмен президенттік тағыңнан,
Биік болсын азаматтық тұғырың!
Ақ бата мен алғыс алдың көп елден,
Мешіттерден, мектептерден, өнерден,
Өз алтынын өз халқыңнан аямай
Ер ұл болдың абыройға бөленген,
Шетелдіктер келді­дағы орныңды
Тартып алды түскендей боп төбеңнен!
Шүкір, ел боп, көк байрақты көтердік,
Кеңдігі де, кемдігі де жетерлік,
Ел ішіне емін­еркін сұғынып,
Кенішіңді билеп алды шетелдік.
Қалауынша ауыстырып адамды
Баса­көктеп көрсетеді бөтендік.
Мемлекеттің азаматын құрметті
Хақы бар ма бір­ақ шертіп кетерлік,
Ұл­қызыңды алса осылай тізгіндеп
Нендей елдік, мұның өзі не теңдік?!
Болса­дағы бұрылысы, ойпаңы,
Сезімтал жұрт жүріс сырын байқады.
Шетелдіктің шымылдығын жамылған
Ағайынның айласы деп айтады,
Он минутта ие болған орныңа
Інішектің ісіне бас шайқады.
Ағалайтын оң тізеңде отырып,
Алдаған ба он жыл бойы өтірік,
Асқар тауға шығам дей ме, апырмай,
Ағасының басынан бір секіріп!
Не істемейді, не демейді пенделік,
Пенделіктен келеміз­ау сенделіп,
Азаматтық өре қайда, ар қайда,
Осы жайлы ойладық па ел болып?
Көріп тұрып күйкілікті, қулықты,
«Қайтсін енді» деп барлығын жөндедік,
«Орынына бара алмаймын ағамның»
Десе ініңіз кетпес пе еді ер болып,
Отырғандай ұятының үстінде
Жүрген шығар өзі де ойын он бөліп!
Қызмет, байлық қолдың кірі десек те,
Ол да өмірдің керегі деп есепте.
Адамдықтан аттағанды сол үшін
Жатқызамыз, қане, қандай есепке?!
Таудай пенде тола бермес талғамға,
Құбылады жеке басын қамдарда,
Жақын тартқан жарандарың тайғақта
Жалт бұрылып, жат боп шықса, таңданба.
Құрбандыққа шалып кеткен шәкірті
Жалғыз, аға, сен емессің жалғанда,
Арғы­бергі тауарихты ойласаң,
Алданған ғой пайғамбар да, хандар да.
Жақсылығың адамдарға жасаған
Қанат болсын Арманыңа самғарда,
Түбі бәрі бір Алладан қайтар деп
Үмітпенен қарайық біз таңдарға!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *