АУЫЛДЫҢ АҚ САМАЛЫ

Аңсаттың­ау аңқылдаған
Ауылдардың ақ самалы,
Қырды ойласа қаладағы
Қара көзден жас тамады.
Шәрде туып шырқап кеткен
Үлгі қылма басқаларды,
Биіктері қазағымның
Ауылдардан басталады!
Жанармайдың түтінімен
Ұшып кеткен бастан бағы,
Дауыл жұлқып, шаң­тозаң боп
Азып­тозған бақшалары,
Ауылдар­ай, баяғыдан
Асыраған астананы!
Тірек болар түлектерің
Үмітіңді ақтамады,
Аламанда алқынбаған
Арғымақтың ақсағаны,
Арындыны жарға жыққан
Аран ашқан ақша­дағы!
Алқаптарды жусан басып
Қирап қоңыр қос та қалды,
Боз көдесі белуардан
Малдың тимей төс табаны,
Есіктері аңғал­саңғал
Босап қалған топсалары,
Иттей ұлып жел кезеді
Қаңыраған бос қораны,
Кәртөшкеге кіріптар боп
Жеңгейлердің ас табағы,
Азаматтар жерге қарап
Қарс жабылды қас­қабағы!
Алтыбақан адыра қап
Жан тырнайды мастар әні,
Ұл­қыздарың қызықтаса
Жын­пері мен масқараны,
Аталар мен апаларың
Жас балдардан жасқанады,
Үлкен үйлер үйінді боп
Ысырылып тасталады,
Бауыр безді ата жұрттан
Тәуір көріп тас қаланы!
Қазақылық, кісіліктің
Шоғы сөнбей жатса­дағы,
Тарылтып тұр тынысты әбден
Замананың тас қамалы,
Тамшыдайын тасты тесер
Көпшіліктің қақсағаны,
Дәтке қуат көтергені
Астанамыз бастаманы,
Түріп айдап түнек бұлтын
Соқшы ауылдың ақ самалы!
 
Баянғали Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *