АРУ МЕН АРБА

Көздің жасы үнсіз тамып кесеге,
Күрең суды кермек татыр десе де,
Бағын сынап бағасымен базардың
Арулар жүр арба сүйреп көшеде.
Таң нұрына шомылдырып жан нұрын
Жөнеледі көздеп тірлік жабдығын,
Арбаға сап сүйреп бара жатқандай
Өздерінің өзгешелеу тағдырын.
Қайда олардың мөлдір биік арманы,
Қандай болар алыс күндер алдағы?!
Бәрін­бәрін көміп кетіп барады
Ала сөмке артқан арба шаңдағы.
Үйренгесін бүгінгінің саудасын
Үзбей ме екен нәзік әннің жалғасын?
…Сұлу сүйреп келе жатыр базардан
Салдырлатып босап қалған арбасын.
 
Баянғали Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *