Өлім туралы

“Жазу, жаңа дүние келтіру – Ажалды өлтіру!” дейді Ромен Роллан. “Өле отырып өмір сүр” дейді ұлы Гете. Қандай ұлы үндестік десеңізші?! Алла жіберген ажалды өлтіру, және өлтіре отырып өмір сүру, шынында да, кімнің қолынан келмекші? Қарапайым пенденің бе? Айта көрмеңіз! Өлмейтін кім бар дейсің бұл фәниде?.. Ал енді өлмеу үшін не істеу керек? Алла тарапынан Жәбірейіл періште арқылы туралап келген ажалдан құтылу үшін Ніл дариясы астынан жеркепе қазып жасырынған асқан ғұлама Арастұл (Аристотель) әрекетін кім қайталай алмақшы? Ол үшін Арастұлдан асып туу керек қой! Қанша қашсаң да құтқармайтын Ажал ақыры оны да алып тынды емес пе?.. Сол Арастұлды арғы-бергі заманда кім қайталай алды? Ешкім де! Ендеше, “өле отырып өлмеу”, өмір сүру тек ақылы асқан, айырықша жаралған Алланың сүйген құл-дарына ғана енші екен де. Амалыңыз қанша, олай демес-ке әддіңіз жоқ. Әл-Фараби, Әбу Әли Ибн Сина (Авицен-на), Фердауси, Низами, Физули, Рудаки, Иассауи, Науаи, Абай, Ескендір Зұлқарнайын, Еділ, Шыңғысхан, Әмір Темір, т.б. Күллі адамзат қауымы үшін бұлар аз ба, көп пе? Аз, өте аз. Аздың орнын, аман болса, келер ұрпақ толтырар. Үміт те, Сенім де осы ойдың құлдығында. Әйткенмен… Бұл Үндестік заңын қойсайшы?! Оған Уақыт та, Кеңістік те ешқандай кедергі бола алмайды екен. “Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?..” деген Абай сөзі әлгі екеудің өмір мен өлім турасындағы тұжыры-мын түпкілікті түйіндеп, тиянақтап тұрған жоқ па?! Иә, ұлының аты – ұлы. “Ақынның аузына Алла сөз салады” дегенге бұдан кейін құлақ аспай көріңіз.

И. Сапарбай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *