Өкініш пен Өнеге

Адам баласы адым сайын өкініштен ада емес. Оның өзегі ең алдымен Уақыт алдындағы әлжуаздық пен дәрменсіздікте жатыр. Ес жиып, етек басқалы бергі есепсіз, елеусіз өткен күндерімді енді еске алсам, өзегімді өрт шалады. Әу бастан есім дұрыс болған да, бәлкім, Алла тағала берген осыншалықты ырзықты құр босқа рәсуа етпес пе едім… Цейтнотқа аңдаусыз түсіп қалып амалы құрып отырған шахматшының қасіретті халі ғой бұл. Тәңір берген тағдырды айдың күні аманында өз керегің-ше ұқсата алмау да бір бейшаралық емес пе? Мені қойшы, өз обалым өзіме. Ал Шахан ағаның – Шахан Мусиндей абзал ағаның әлмағайып тағдырына не дерсің? Оның обалын кім көтерер? Уақыт па? Заман ба? Адам ба? Меніңше, қай-қасысы да!Олай демей қайтейік, жиырма жылдай Колымада ит пен битке таланып, қора-қопсыға қамалып жүрсе. Олай демей не дейік, жазарға қағаз таба алмай, аузына Алла салған өлеңді қайын қабығына әдіптеуге мәжбүр болса. Олай демей не дейік, ең аяулы да албырт, асыл да асау жылдарын ит арқасы – қиянда өткізіп, өзегін өксік буып, өмірін өрт шарпыса!.. Сондағы жазығы мынау төрт-ақ жол өлең болыпты: Мінерге ат жоқ, ішерге ас жоқ, сенделіп, Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп, Күлге аунатып, күресінге тастаса, Сен отырсың неменеңді меңгеріп? Мұны ағамыз қай кезде жазды дейсіз ғой? 1932 жылы! Зорлық пен зобалаңның, қорлық пен қудалаңның өрттей лаулап, қаулап тұрған кезінде. Жүрек жұтқан адам деп осыны айт! Басқаны былай қойғанда, күні кешегі 86-ның сергелдеңінде талай “тарландарымыз” бен “арландарымыз” сыр білдіріп алған жоқ па?.. Қасқыр көрсе ит екеш итіңіз де бұтына жіберіп қояды екен ғой. Қасқырға қарсы шабар Сырттанды сырттан іздемей-ақ, іштен іздесек етті. Сол Сырттанымыз Шахаң емей кім еді?! Ат басы алтынға бергісіз жиырма жылын өкіметке өтеп келіп, қалған ғұ-мырының бәрін дерлік сахна өнеріне сарп еткен осынау өнегелі ғұмырдан қайсымыз ғибрат алып, тәлім таныдық?… Ұлағат иесін ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?..

И. Сапарбай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *