Қай ұлттың да төлқұжаты – Тіл. Ұлттық үні мен “мені” өз тіліндегі Әнұран (дұрысы Елұран) арқылы айшықталады. Ар мен Намыс, Ождан мен Опа, Мақсат пен Мүдде, Арман мен Арзу атаулының бәр-бәрі осынау асқақ та айбынды әуенсөздің аясында…. Кезінде, әлемдік ортақ тіл қарым-қатынасын қабылдау, қалыптастыру рәуішінде француз бен ағылшын тілдері тақаса, тайталаса келіп таразы басын тең ұстаған. Араға уақыт салып қайта сарапқа түсіргенге дейін әккі де әбжіл ағылшындар маңғаз да марғау француздардан айласын асырып кеткен. Әйтпегенде, бір кездегі орыс ақсүйектері секілді әсіре әулекі атқамінерлерімізден бастап былайғыларымызға дейін өз тілімізді күресінге итере салып бүгінде французша сайрап жүрер ме едік, кім білсін… Өз тілін өгейсініп, өзге тілді өңештеп жүргендерге ағылшыншасы не, французшасы не, бәрі бір емес пе? Алла бергелі тұрған сүбелі сыбағасынан айрылып қал-ған әлгі “маңғаздар мен марғаулар” әлі күнге дейін ағылшындарға өкпелі. Әйткенмен, еуропалық емеурін мен сипама сыпайылық мұны аңғартқысы келмей әуре.“Ауызы күйген үріп ішеді”. Содан да болса керек, Се-нан де Мейан деген дуалы ауыз француз ХVIII ғасырдың өзінде-ақ: “Өзге тілде сөйлейтін ұлт біртіндеп өзінің төл болмысын жоғалтады” десе, осы елдің тағы бір өкілі П.А.Симон: “Тіл – әрбір ұлттың үн-үрдісін білдіретін, тарихтағы орнын анықтайтын, өмірлік және шығарма-шылық қайталанбас қасиетін паш ететін құрал, тіл – сол елдің тағдыры” деп таусыла сөйлеген. Ащы да болса, айтайық – біздің тіліміз әлемдік ауқымда өзге бір өміршең тілмен жуық арада тайталаса қоймас. Дозақы тірлікте қазақы көкіректі екідай текетірес маза-лайды: біреуі – күдік, біреуі – үміт. Күдік: күндіз күмән, түнде тұман күн кешіп жатқан қазекемнің тіл тағдырына деген сол баяғы салбөксе салқындығы. Үміт: ұлын Алпамыс, Абылай, Абай, Махамбет, Бауыржан.., қызын Тұмар (Томирис), Жібек, Баян, Әлия, Мәншүк.., қойып жүрген қазақ ерте ме, кеш пе, тіліне де зер салар-ау!..“Үмітсіз – Шайтан” демекші, Тұран қайта туылмай ма, Түркі қайта түлемей ме?!
И. Сапарбай