Айтыс өнерінің алып та жығатын, шалып та жығатын ақындарының бірі Мұхаметжан Тазабековтың “Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңданы” меңзейтін мына бір екі-ақ ауыз сөзі қарсыласын ғана емес, мені де есеңгіретіп кеткендей:
“Бұрынғының Құраны – “Аллаһу акбар!”,
Бүгінгінің ұраны – “Ап қоялық”!
Екі сөздің арасы төр мен көрдей. Бірі – Жаратқанға жалбарыну, Тәңірге табыну. Екіншісі – Ібіліске ізет, Әзәзілді әспеттеу. Екі аралықта есі кіресілі-шығасылы есеңгіреп жүрген қандасымыз қаншама… Естінің көз алдыңда есуасқа айналғанын көргенде өзің де көрге кіре
жаздайды екенсің. Есуас – құлқынның құлы, есті – ұлтыңның ұлы. Құл жиылып ел болмасын, ұл жиылса кем болмасын білетін қазақтың Құранға жүгінудің орнына ұранға жығыла беретіні несі екен осы?..
И. Сапарбай