Қуыршақ құдайлар

Әлденеден түңіліп, күйінгенде үлкендердің аузынан: “Құдайын ұмытқан неме!” деген ауыр сөз шығып қалады. Меніңше, қарғыстың ең жаманы осы. Құдайды ұмытқаны үшін Шайтан да Пейіштен қуылған. Пейіштен қуылған Шайтан қарап жүрмей өсіп-өніп, қара көбейтіп, ендігі біразы адамдардың қуыс кеудесіне еніп алған. Кеуде қуысы кептеліп, сана саңлауы бітеліп қалғандар Құдайды естен шығармағанда қайтсін?.. Мезгілсіз босана беретін мегежіндер сияқты Шайтан әулеті де тым өсімтал. Бірі Әзәзіл кейпінде, бірі Жантық бейнесінде жүріп Құдайдың екі аяқты құлын азғырумен әлек. Әрлі-берлі азғырыстан кейін онсыз да кекірігі айнып жүрген немелер Шайтан жолына түспегенде нетеді? Арамызда жүрген “қуыршақ құдайлар” осылар. Тақтан түссе де аттан түспейтін атамзаманғы шенді, шекпенді шенеуніктер, шала қазақтар мен “жаңа қазақтар”, мәңгүрттер мен көзқамандар және ертеңгі “суперқазақтар” – аталмыш “қуыршақ құдайлар” әулетінің көрнекті өкіл-дері. Қазір олар патша мен бәтшаның, хан мен қарашы-ның арасындағы “Қытай қамалындай” берік белдеуде бекемденіп отыр. Хан сөзінің халыққа, халық сөзінің ханға жете алмай желкесінің қиылып жатуы да осы белдеудің “берекелі қызметінің” арқасы.“Қуыршақ құдайлар” қатары көбейген сайын ханнан пәрмен, халықтан дәрмен қашады.

И. Сапарбай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *