Бір құс саятшының құрған тұзағына түсіп қалыпты. – Мені қайтпексің? – деп сұрапты сонда құс. – Қайтушы едім, пісіріп жеймін! – депті саятшы.Құс мұны есітіп жалынып-жалбарына бастапты: – Ей, ізгі жан! Қыршынымнан қиып қайтесің? Мені жегенмен қарның томпаймайды. Одан гөрі қоя берсең, мен саған бір емес, үш бірдей пайдалы ақыл-кеңес ай-тар едім… Алғашқысын, қазір, мен қолыңда тұрғанда ес-тисің. Екінші кеңесімді анау ағаштың бұтағына қонғанда айтамын. Ал үшіншісін биік жақпар тастың басына барып қонғанда еститін боласың. – Жарайды, естісек естиік, айта бер, – депті саятшы. – Бірінші кеңесім – болған іске ешқашанда өкінуші болма.
– Мұның көңілге қонады, – деп саятшы құсты қолы-нан босатыпты.– Екінші кеңесім – болмаған іске ешуақытта да сенуші болма! – депті құс ағаш бұтағына қонып жатып. Сонсоң қос қанатын қағып-қағып жіберіп былай депті: – Ей, ана сүтін шикі емген аңқау неме! Мені сойғаныңда ғой, ішімдегі екі дана меруертке қарық болар едің! Мұны естіген саятшы аяғы күйген тауықтай тызақтай бастапты. – Ұшып кетпей тұрғанда үшіншісін айт енді? – депті шарасыздан-шарасыз мазасы кетіп .– Бір сәтте екі бірдей ақыл-кеңесті ұмытып үлгерген адамға үшіншісінің қажеті қанша? Сен байғұс «ішімде меруерт тас бар» дегеніме шынымен сеніп қалдың. Құстың ішінде асыл тас бар дегенді кімнен есітіп едің? Бола қалған күнде де ол бөтекеде емес пе?Осыны айтыпты да құс шырқау ұшып, жақпар тасты бетке алыпты…
И. Сапарбай