Бала кездің бір көрінісі көз алдымда. Анам марқұм қара жұмыстан шаршап келгеніне қарамай, қара шайға қанып алған соң қара іңірде бұрышта бүктеулі жатқан жабағы жүнді қой терісіне жайып салып, қолындағы қос сабаумен оңды-солды сабалайтын да отыратын. Сабау сартылдаған сайын жабағы байғұста жан қалмайтын – күпсініп, қобырап, қой терісіне сыймай кір-күстен, шаң-тозаңнан арылып, мақтадай мамықтанып, үкідей үлпілдеп шыға келетін. Жабағыдай жабысқақтанып, жамаудай жалбырап, тігісінен сөгіліп, астарынан ажырап, қожырап, божырап бара жатқан жұртты қағып-сілкіп, оған көнбесе, сабаудай сабап санатқа ендірмеске, сауапқа көндірмеске амал жоқтай көрінеді. Саязды санға, саяқты малға қосатын қос сабау кімнің қолында болмақ сонда? Түтілген жүн иіріліп жіп, жіп тоқылып киім болғанша қай заман? Ол киімді кім киер? Ол күнді кім көрер?..
И. Сапарбай