Дала, дала, дала! Шалғыны шаш етектен! Жолдың қай қапталына қарасаң да, саяқ жүрген бірен-сараны болмаса, тігерге тұяқ көрінбейді. Бұрындары отар-отар қой, үйір-үйір жылқы болушы еді. Аз жылда айдаһар асап, жалмауыз жұтып қойғандай. Ауылға кіреберісте ғана бір шоғыр мал көрінді. О, тоба! Ешкісі де, қойы да, сиыры да, жылқысы да – бір шопанның ығында! Мұндайды кім көрген? Үйір айғырынан, сиыр бұқасынан, қой-ешкі серкесінен айрылғанда өстеді екен-ау!.. Онысымен қоймай бір қойдың үстіне қоқиып қарға қонып алыпты! Бозторғай болса бір сәрі… Үстіме қарға қонды екен деп қағынып-сілкініп жатқан қойды көрмедік. О, можанто-пай момын бишара-ай… Қазақты бірде қойдай қоңыр, бірде жылқы мінезді деуші еді. Қазір, иә, дәл қазір біз соның қайсысымыз?
Жалына жан, сауырына шаң жуытпайтын текті жылқы тұқымы қанда тулап жатса, үстімізге қарға, құзырымызға құзғын қондыра қояр ма едік?! Мен мына заманның сұрқынан шынымен-ақ қорқайын дедім.
И. Сапарбай