Адам ата, Хауа ана жаралғалы бері қанша заман өтті… Қаншама ұрпақ жаңарды, өсті, өнді… Алланың бергені мен пенденің пейіліне сай Жер кең. Дүние шалқар. Қанша адам болса, сонша арман бар. Адамзаттың бір арманы – Жаратушы иенің мүбәрак жүзін, яғни көркем келбетін көру болса керек. Әрине, Алланың бар екеніне күмән келтірмейтіндер ғана. Мен де армандаймын, Алланың жүзін көрсем деп. Сөйтсем, мұным бекер екен. Бекер екендігіне сопылық ілім-білімге бейіл бұрғанда барып көзім жетті. Көбіміз оны көнерген, көнтақы болған керексіз, қорексіз сана сарқыты деп жүрміз. Бекер-ақ! Бастауы бар дүниенің баяны болмаушы ма еді?! Оның үстіне ілім-білімнің ескіргенін кім көрген? Өлеңмен жазылып, қырағатпен оқылатын, Алла тағаланың құдіретімен Жерге түскен қасиетті Құран кәрімді де дүниәуи ғылым-білімнің болымды бітімі, болжамды бастауы деп жүрміз емес пе?! “Тәңірі – тылсым. Ол ашылса, Құдайда құдірет, адамда бет қала ма?..” депті ақын Жүмекен Нәжімеденов. Құдайдың құдіретіне шәк келтірмесек те, біз – адамдар әлдеқашан бетімізді ашып алғанбыз. Жаңа түскен келін де бетін ашқан бірер күннен соң үлкенге де, кішіге де тура қарайтын ғадетке көшеді. Мұнысын және ерсі көрмейді. Күндердің күнінде, әлдеқандай себеппен Алла дидарын көретіндей болсақ, әлгі беті ашық, еті қалың келін сияқты Оның көзіне тура қараудан ешқайсымыздың да имен-бейтінімізге имандай сенімдімін! Одан да Алла көрінбей-ақ қойсын… арзу-арманымызға айналып жүре берсін…
И. Сапарбай