Тақ тайғанақ, бақ баянсыз. Әмір Темір ажал құшқан соң-ақ ұрпақтары ұлы империяны уысында ұстап тұра алмады. Көк күмбез, көгілдір мұнаралар көп ұзамай көзден ұшты. Бірен-сараны ғана бүгінгі Самарқан сәнін келтіріп тұрғаны болмаса, шаһардың іші-сыртындағы жасыл жұмақ, сансыз саябандардың бірі де жоқ. Мұның себебін әркім әр саққа жүгіртеді. Соның бірі мынау: Самарқан тауларының аржағынан бері ауған Дешті қыпшақ көшпенділері мал-жанымен қала іргесін жайлаған. Жанға тұрақ, малға құрақ керек – жасыл жұмақ, мамыр маңай аз өтпей-ақ таз тақырға айналып шыға келсе керек. Таулы жер баулы, сулы жер нулы. Самарқанның қазіргі көркі де көз тоярлықтай. Әйткенмен, әлгі саябандар…… Өзіммен-өзім ойша сырласып, мұңдасып келе жат-қанда Ташкеннен асып, Келесті басып келе жатқанымызды жалаң жол, жартыкеш төбелерге қарап аңғара қойдым. Жасыратыны жоқ, осыдан бірер жыл бұрын сирек те болса жол қапталында қалқайған қарағаш пен қаратал қарға да, қарғаға да пана болып тұрушы еді. Бірі де қалмапты……Есіме әлгі Дешті қыпшақ көшпенділері түсе кетті. “Ұқсамасаң тумағыр-ай” десеңші?! Дауысым қаттырақ шығып кетсе керек, қасымда қалғып-мүлгіп келе жатқан етжеңді әйелдің басы қақшаң, көзі бағжаң ете қалды. Екі қолы бірдей аяқ жақтағы қам-пиған қапшыққа жармасты. “Үһ, орнында екен ғой…” Қайтадан көзін жұмды. Иә, біздер – Дешті қыпшақтармыз!..
И. Сапарбай