Аға туралы

Оның ірілігін кезінде екінің бірі мойындайтын. Ал ұлылығын ерте ме, кешпе, тірілерге Уақыт мойындатары хақ!.. Мен де тірі пенденің бірімін – інілік ілтипатымды алға салып бүгін де палатасына бас сұқтым. Өң-түсі кешегіден едәуір солып қалыпты. Өлмеші жанарын әрең аударғаны болмаса, бәлендей бейіл білдіре қойған жоқ. Мен де сұп-суық қолын алып, сүлесоқ амандастым. Денем дір-рр етті. Осы отырысы өлген адамды орындыққа сүйей салғандай еді. Әлден соң менің бар-жоғымды мүлдем ұмытты да алдындағы қағазымен болып кетті. Саусағы қалам ұстауға келіп-келмейді. Дәрменсіз. Әлжуаз. Қу сүйекке немене ілігуші еді, көзілдірігі де күн сайын қусырылып бара жатқан мұрынының үсті-нен суси береді. Түнімен ұйқы көрмегені қуқыл өңінен көрініп тұр. Мына отырған адам осы түрімен осы сәтте көзіме Сиясауыт сияқтанып кетті. Қалам ұшынан қан ба, сия ма, қағаз бетіне әзірге маған беймағлұм бедер түсіп жатыр. Сауыттың сиясы таусылып, түбі ақыр-тақыр тартқандай… Аяп кеттім. Күні кеше Үлкен бір Үйде, үлкен бір кең-седе Үлкен бір адам болып отырушы еді. Енді ешкімге керегі болмай қалғандай. Сезетінмін, о бастан-ақ кітап қотарып, қағаз кеміріп-ақ отыруға жаралған оқымысты жан еді. Таққа отырмаса да, атқа қонып, сол содан түспей қойды. Бес жыл өтті, он жыл өтті… Он бес жыл өтті… Енді, міне, тарыдай шашылған, талқандай төгіл-ген, тарамыстай сөгілген тағдыры таусылуға таяу. Атақ та, ат та, кеңсе де, кеніш те жайына қалды. Аядай қуыс, салқын палатада жалғыз өзі. Халін сұрай келген маған қарайтын емес. Қарамайын демейтін шығар-ау, уақыты құрғыр жетпей жатыр емес пе… Жо-о-қ, өтіп бара жа-тыр, уысынан кетіп бара жатыр! Келмеске!!! Аялсыз, баянсыз Уақыт шіркінге кімнің әмірі жүріп еді, осы күн-ге дейін?.. ..Ертесіне үзілді. Көз жұмды. Фәниден өшті. Бақиға көшті. “Кеңсайдың” қолтығы кең екен, Үлкен ағаны да құшағына алды. Осы күнге дейін санамнан өшпейтіні – сарқылып жазған сарқыты қайда екен? Аяқталмай қал-ған…

И. Сапарбай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *