Абай пайғамбар емес

Пайғамбарлық, әулиелік, серілік сияқты әруақты, ардақты ұғымдарды дұрыс дәріптесек екен. Қанша кадірлі болса да Абай пайғамбар емес. О бастан Алла пенде қылып жаратқан. Ақын боп туған Абай өзінің пенде екенін өзгеден бұрын мойындап өткен. Әулиелік хақында да айтарымыз осы. Әулие, әруақ, рух жер басып жүрмейді. Өзін әулиемін деушілер өзін-өзі мақтаған өгіз тентектер. Ал серілікке келсек, мұның аужайын Мағжан әлдеқашан-ақ айтқан: “Ақанның жат мінездерін өмір бойы тәңірі көріп, сұлулыққа табынуын көз алдыма алып келсем, менің есіме ағылшын-ның ақыны Оскар Уайльд келіп түседі. Оскар өмір бойы сұлулықты жырлаған, жалпы жұрттан Сері деген лақап алған. Жұрт оны да сері деген. Сол серілік үшін оны абақтыға жапқан. Ақан да сұлулыққа табынған. Алты алаштан сері деген ат алған. Бірақ Ақанның сұлулыққа табынуы тереңірек. Ақан өмірінің жұмбағы түйіндірек. Мұның өмірі – мұң мен зар. Егер Ақан Оскар Уайльдтай өнерлі елдің ішінде туса, бұл тілекке жауап табу қиын”. Көңілге не түйдіңіз? Серілік жолы сұлулыққа табыну ғана ма екен? Жоқ, меніңше, сұлулыққа табына жүріп құрбандыққа шалыну! Құрбандыққа шалыну – міндетті түрде найзаға кеуде тосу, немесе қылышқа мойын ұсыну емес. Мұң мен зар қайда қалады сонда? Ал мұны бастан кешпей сауық-сайран, жеңіл-желпі сейіл-серуен құру – серілікке жатпайды. Өйткені серілік басқа, секектеу басқа!..

И. Сапарбай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *