“Мен талантты қазақ емеспін, талапты қазақтың бірімін… ”Мұны кім айтты деп ойлайсыз? Баукең. Иә, кәдімгі қаһарман десе – қаһарман, қаһарлы десе – қаһарлы Бауыржан Момышұлы! Үлкен жүрек иесінен ғана ұлағатты сөз шығады. Ұлық болсаң – кішік бол. Кішірейгеннен кісілігіңе кір жұқпақ емес, керісінше кішіпейілділігіңе ел сүйсінеді. Осы Баукең өле-өлгенше “менің халқым”, немесе “менің қазағым” деп өзеуремепті, өрекпімепті, өңеш-тенбепті. Халқының, қазағының ар-намысына қылдай қиянат тұрмақ, қылау түсірмеген, жанпида қызмет еткен батырдың біз білетін бір өнегесі осы. Менің халқым деп хан, патша ғана айтса жарасар болар. Онда да сол алдиярыңыз алдымен өз халқына қалтқысыз қызмет етсін! Әйтпесе, айттың не, айтпадың не! Сөз атасын өлтіруге ешкімнің де хақысы жоқ. Өкініштісі сол, бесіктен белін босата салысымен “менің халқым”, немесе “халқым-ау!” деп өңмеңдейтін-дер көбейіп барады. “Айналайын, ақ патшам” да соның бір кері. Әдеп деген болады. Талантты халықтың өзі-ақ танып, біліп алады. Талапты болғанға не жетсін?!
И. Сапарбай