ӨТКЕН ШАҚ

Жасқанбай тура бидің балтасынан,
Ұрының нәсіп алған қалтасынан.
Көкесі төрде отырған талапкердің
«Талант» деп қағып жүрген арқасынан.
Іскер деп танылыпты құстан қарға,
Үйренген қанатсыздар ұшқанға да.
Әтеште жылы, жарық қора болған,
Бұлбұл құс күнін көрген қысқы орманда.
Саудагер тәлім алмай даналардан,
Қалтасы қалың адам дараланған.
Онда да секем алғыш ақын жүрек
Шырылдап жыр торында жараланған.
Ойшылдың үміт тұнған жанарында,
Шындықты зорлық таптай табанында,
Күншілдік, пендешілік өткен дейді
Абай мен Науаидің де заманында.
 
Ақұштап Бақтыгереева
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *