Сүйетін әнді де өзі
Шебер-ау жырлағанда.
Әжемнің әңгімесі
Көп еді тыңдағанда.
Онда шат кешкен күні,
Онда әжем жас болады.
Сондықтан естелігі
Осылай басталады.
Бейне бір тас түйіндей
Есімнен қалмай қойды.
Менің сол жас күнімде
Мына бір жағдай болды.
Көңілі шат күлгеннің
Арманы ат болатын.
Онда да ат мінгеннің
Басына бақ қонатын.
57
Ер аты шығарында
Жүйрікпен мақталатын.
Сондықтан бұл ауылда
Әрбір үй ат бағатын.
Болғанмен қиялында
Топта озу бәріне арман,
Әр тайдың тұяғына
Жүйріктік дарымаған.
Баптаумен құйғыт күнде,
Болғанмен тілеу дара,
Ішінен жүйріктің де
Озады біреу ғана.
Озбайды алыс шапқан,
Тізгінді тартпағаны.
Озады намыс батқан
Өлімнен қайтпағаны.
Озбайды атасы азбан,
Озады шабысқұмар.
Алдына қара салған
Жүйрікке намыс шығар.
Айтқан жан тамсануда,
Шығатын батыл алдан.
Бір шалдың көрші ауылда
Торы төбел аты болған.
Бәйгеге шапқанда әлгі
Бәрінен ерте келген.
Ол маңда ат болмады
Озатын торы төбелден.
Күндеу ме, сүйіну ме,
Бар елде қызық әдет.
Шығарды ел бүйірінде
Қанаттың ізі бар деп.
Шығарды ел қиялынан,
Жыр етті топтасып жұрт.
Шапқанда тұяғынан
Кетед деп от шашылып.
Жел сөзге сенбегендер
Көзімен қарап кетті.
Ат жайлы көрмегенге
Көп аңыз тарап кетті.
Тасқан жұрт көңілдері
Мақтайтын озған атын.
Шалдың бар өмірдегі
Қызығы сол болатын.
Жүгенді күмістелген
Көзінен таса етпейтін.
Торы төбел су ішпеген
Кезде оған ас өтпейтін.
Жанына ат маңайлатпай,
Торы төбел жалқы жарап,
Осылай бар аймаққа
Тұрғанда даңқы тарап,
Шал оқыс дүние салды,
Сұм ажал қарасын ба,
Атадан жүйрік қалды
Мұра боп баласына.
Жас жігіт дер шағында
Ат қамын ойламады.
Бір күндер көрші ауылға
Жүйрікпен тойға барды.
Әнқұмар боздақтарды
Жанына жиды кілең.
Жас жігіт тойға аттанды
Атақты жүйрігімен.
Той-думан тарағанша,
Байлады атқораға.
Бақпаса, қарамаса,
Жүйрікте бап қала ма?!
Мұңайтты иесіз қора,
Айнала қараса әлгі.
Жоқтады иесін сонда –
Мазасыз қара шалды.
Асау мен тағылар бар
Жиналған барлық қырдан.
Жанында жабылар бар
Таң алды қалғып тұрған.
Тұр әне ерке неме,
Жайлауды дара кезген.
Қара айғыр торы төбелге
Қарайды ала көзбен.
Өн бойын қайрат керіп,
Шаншылып қос құлағы.
Ол неге айбат шегіп
Торыға осқырады?!
Жетем деп бұлқына ма,
Көбейіп көзінде ала,
Япыр-ау, жылқыда да
Қызғаныш сезім бар, ә?
Ат мінез қызық-ау бұл,
Жоқ жерде батылданды.
Жүгенін үзіп айғыр,
Төбелге жақын барды.
Түрткілеп шүйілумен
Тістелеп осқырады.
Тиді айғыр бүйірінен
Жүйріктің қос тұяғы.
Қараң боп бүгінгі күн,
Торы төбел шұрқырады.
Артқы аяқ сіңірлігін
Қара айғыр қыршып алды.
Ат иесі шат күйінде,
Ал жүйрік күйреп, жасып,
Сол тойдан қайтты үйіне
Аяғын сүйреп басып.
Білмеді ол қара айғырдың
Сіңірден тістейтінін.
Тойы боп мынау қырдың
Бәйгеге түспейтінін.
Білмеді ол көрмейтінін
Енді өзін жиында жұрт.
Білмейді келмейтінін
Мәреге құйындатып.
Қонбады емі мүлде,
Баққанмен таппай тыным.
Білді енді ол өмірінде
Көсіліп шаппайтынын.
Жанардың нұры сынған,
Ол жайлы ел ойланбады.
Жүйрік те ұмытылған
Адамдай тайған бағы.
Шыға алмай атқорадан
Тұруға азап шыдау.
Жүйрікті жоқтамаған,
О, жұртым, ғажапсың-ау!.
Ақұштап Бақтыгереева